Музейде 130 жыл сақталған тастың ішінен 100 миллион жылдық гүл табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбританиядағы Кью корольдік ботаникалық бақтарының зерттеушілері америкалық ғалымдармен бірлесіп, АҚШ музейлерінің бірінде 130 жыл бойы сақталған тастың ішінен жойылып кеткен гүлдің шамамен 100 миллион жылдық қазба қалдығын тапты, деп хабарлайды Anadolu.

в
Фото: Anadolu

Кью корольдік ботаникалық бақтарының мәліметінше, америкалық зерттеуші Стивен Манчестер 130 жыл бұрын Канзас штатынан табылған және содан бері Смитсон институтының Ұлттық табиғи тарих музейі қорында сақталған тасты зерттеген.

Компьютерлік микротомография жүргізу барысында ғалым тастың ішінде толықтай тау жынысымен қоршалған тағы бір гүлдің қазба қалдығын анықтаған. Оның биіктігі небәрі 1,5 миллиметр, ал диаметрі 1,2 миллиметр.

Кейін Кью корольдік ботаникалық бақтарының зерттеушілері табылған гүлдің ботаникалық жіктелуін анықтау жұмыстарын жүргізді.

Үш өлшемді бейнелеу технологиясының көмегімен ғалымдар гүлдің құрылымын қалпына келтіріп, оның виртуалды кескіндерін жасаған. Нәтижесінде ежелгі гүлдің үш тостағанша жапырақшасы, үш күлте жапырақшасы, алты аталығы және үш аналығы болғаны анықталды.

Зерттеушілер бұл құрылымның пальма, орхидея, банан, қызғалдақ, лалагүл және зімбір кіретін даражарнақты өсімдіктер тобына тән екенін анықтады. Осындай құрылым шамамен 100 миллион жыл бұрын тіршілік еткен гүлдерде де кездескен.

Ғалымдардың пікірінше, қазба қалдығының белгілері пальмалар тұқымдасына ұқсайды. Алайда нақты қорытынды жасауға әлі ерте. Гүл пальмалар тұқымдасының жойылып кеткен өкіліне немесе даражарнақты өсімдіктердің басқа тобына жатуы мүмкін.

Жаңа қазба қалдығына даражарнақты өсімдіктер мен пальмаларды зерттеумен танылған ботаник Барри Томлинсонның құрметіне Tomlinsoniella pedicellata деген атау берілді.

Зерттеу нәтижелері American Journal of Botany ғылыми журналында жарияланды.

Ғалымдардың айтуынша, даражарнақты өсімдіктердің ежелгі кезеңдерге жататын қазба қалдықтары өте сирек кездеседі. Сондықтан бұл жаңалық олардың гүл құрылысының эволюциясын зерттеуге маңызды үлес қоспақ.

Зерттеушілер шамамен 100 миллион жылдық гүл қалдығын даражарнақты өсімдіктерге тән үш бөлікті гүл құрылысының бүгінге дейін анықталған ең көне сенімді қазба дәлелі деп бағалап отыр.

Зерттеудің бірлескен авторы, Кью корольдік ботаникалық бақтарының аға ғылыми қызметкері Уильям Бейкер күтпеген жерден табылған бұл жаңалықты ғалымдар үшін ерекше оқиға деп атады.

– Ежелгі гүлдің қазіргі кезде өсетін өсімдіктерге таңғаларлықтай ұқсайтыны ерекше қызығушылық тудырады. Бұл жаңалық гүлді өсімдіктердің шығу тегіне қатысты ғылыми сұрақтарға жауап табуға да көмектеседі, – деді Уильям Бейкер.

Айта кетейік, бұған дейін ғалымдар Чарльз Дарвиннің жыртқыш өсімдік туралы 150 жылдан астам уақыт бұрын ұсынған болжамын ғылыми тәжірибе арқылы дәлелдеген еді. Қытай зерттеушілері тасжарған өсімдігінің жәндіктерді ұстап, олардан қоректік заттарды сіңіре алатынын анықтады.