Мыңжасар Маңғытаевтың өмірі мен өнері жайлы бір үзік сыр

Ол 1937 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданына қарасты «Маяқұм» ауылында дүниеге келіп, 2011 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.
Әу баста өнерге қызыққанмен басқа саланы қалаған ол «ат айналып қазығын табады» демекші, Абай атындағы опера және балет театрының хор студиясында, кейін Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда оқып, профессор Құддыс Қожамияровтан дәріс алады. Композиторлық өнердің қыр-сырына қанығады.
Хор жанрына «Ақсақ құлан» поэмасы мен «Қаратау әуендері» сюитасын жазады. Ал вокалдық -хореографиялық жанрда «Ауыл тойы», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы бойынша «Аққудың айырылуы» өмірге келеді.
Қазақтың ұлттық мұрасы негізінде жазылған «Қозы мен Баян», «Ақтолғай», «Құлагер» симфониялық туындылары қандай десеңізші.
Мыңжасар Маңғытаевтың «Қазақстаным менің», «Іздедім сені», «Елім менің», «Ақ маржан», «Жорықтағы сарбаздар», «Ақ еркем-әнім» және «Сағыныш» әндері өз кезінде тыңдаушысынан әділ бағасын алған әсерлілігімен ерекшеленеді.
Соңғы жылдары ол «Отырар сазы» оркестрінің бағдарламасына «Ырғақты», «Шаттық күй», «Төгілмелі» атты оркестрге арналған шығармаларын енгізді.
Композитордың еңбегі ерекше бағаланып, 1987 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», 1998 жылы «Қазақстанның халық әртісі», ал бірер жыл бұрын Мемлекеттік сыйлықтың иегері атағымен марапатталды.
Тұла бойы тұнған өнерді дамытып, халықтың әуеннен нәр алған белгілі композитор Мыңжасар Маңғытаев көзі тірісінде бірде редакциямызға келіп, өнер хақында ой бөліскен еді. Сондағы екеуара болған әңгімеге кезек берейік:
- Мыңжасар аға, қазақ халқы ән-жыр тыңдағанды жақсы көреді ғой. Өз кезінде ауыздан ауызға тарап, халықтық әнге айналған тамаша әндеріңіз жайлы, шығармашылыққа келу жайлы ойымызды жалғастырсақ.
- Мен бірден өнерге келгем жоқ. Алғашқы оқуым Шымкенттегі индустриялды техникум болатын. Өнерге әркім әртүрлі жолмен келді. Мысалы, Шәмші ағамыз алғаш Қапланбектегі техникумде оқыған.
Мен әртүрлі жанрда қалам сілтедім. Ән жазу дегеннің өзі қиынның қиыны. Нұрғиса ағамыз айтатын: - Бір ән жазбаған композитор композитор емес. Халыққа әні тарамаған композитор композитор емес,- деп отыратын.
Ал енді әннің де тағдыры адамның тағдыры секілді. Кейбір әндер өте жақсы болса да орындаушысын таппай қалып қояды. Кейбір әндердің ғұмыры ұзақ.
Мысалы, менің тыңдаушыға тез тараған әнім «Алғашқы махаббат» деп аталады. Бұны Роза Бағланова шебер орындады, өкінішке орай радиодан сирек орындалады. Дәл сол кісідей шебер орындаған адамды мен көргем жоқ.
Әннің де әр түрлісі бар: лирикалық, патриоттық әндер, еңбекті жырлайтын әндер бар. Маған ерекше ұнайтын әнім - Ермек Серкебаевтың орындауындағы «Қазақстаным менің» деген ән. Бұл әннің тарихы былай болды.
Біз Шәмші екеуміз Отырар ауданынанбыз. Шәкеңмен дос, сырлас болдық. Ол кезде Шәкеңнің «Менің Қазақстаным» әні шықты. Сосын Шәмшімен ақылдастым.- Мен сіздің осы әніңізді жүрген жерімде айтып жүрем. Өзім кезінде операның, капелланың хорында ән салғам. Әжептәуір әншімін. Сіздің әніңіз халықтық әнге айналды. Ал мен осы тектес ән жазғым келеді. Бүкіл Қазақстанды, Алатаудың басы емес, көктен қарап тұрғандай, әсем қалалары мен онда еңбек еткен ұл-қыздардың кім болғаны жайлы мақтанышпен көкірек кере қарап тұрып мақтаныш ететіндей ән болса екен деймін,-дедім. Шәкең: "Жаз, жаз, сенің қолыңнан келеді", -деп сенім артты. Ән дайын болғанда Евгений Брусиловскийге барып көрсеткенімде «әніңнің міні жоқ, тамаша» деп баға берді. Алғаш орындаушым мәз болмады. Кейін Ермек Серкебаев «симфониялық оркестрге түсіріп берсең айтар едім» деген тілегін жеткізді. Мен де тез арада оркестрге түсіріп бердім. Мәскеуде бұл ән Ермектің орындауында Съездер сарайында шырқалды.
Корей әншісі Владимир Ким бұл әнді Оңтүстік Кореяға барғанда үш тілде орындағанда көпшілік жылы қабылдапты.
- Сіздің жақсы әндеріңіздің ішінде шоқтығы биік тамаша ән бар. Ол «Іздедім сені» деп аталады. Әр әннің тарихы болады дедіңіз, осы жайлы сыр аша отырсаңыз?
- Бұл әннің шығуы өте қызық. Әнге мәтін жазу қиынның қиыны. Ән мәтінін шебер жазатын Нұрсұлтан Әлімқұлов пен Нұтфолла Шәкенов, Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев сынды қазақ ақындары.
Сегізінші ықшамауданында тұрамыз. Телефон шыр етті, әр жақтан Нұтфолла Шәкеновтың дауысы естілді: -Қалқам, мен санаторийде жатырмын. Өстіп, бір мәтін жаздым,-деді.
Жалт етші, дәтке,
Бір ғана сәтке,
Суретің қалсын мәңгіге,- делінген шумақты бұрын ешкім жазбаған. Адамның ішкі сезімін қозғайтын сөздер маған қатты әсер етті де, он бес минутта ән шықты.
Үй ішімізбен айтып жүрдік, үш-төрт күннен кейін ән ән сияқты емес, ұнамай қалды. Үш -төрт жыл өтті, үнтаспаға жаздырғамын жоқ.
Бір күні Талдықорған облыстық партия пленумы болатын болып мені, Әсетті, Зейнепті шақырыпты. Ол жақта өзеннің жағасында тіккен ақшаңқан киіз үйде либереттосын Қанабек, әуенін Нұрғиса жазатын болып табиғат аясында шығармашылықпен айналысып жатқан екен.
Жолға шықтық. Мен ыңылдап «Іздедім мені» әнін айтып отырғам, Зейнепке ұнап қалды, -Соңыра обкомның пленумында мен айтайын, сен сүйемелде, маған үйрет,- деп Зекең бас салды. Ертеңінде бұл ән Зейнеп Қойшыбаеваның орындауында тұңғыш рет көпшілікке орындалды. Ел жылы қабылдады. Кейін Нұрғали да, Ескендір де орындады. Мансұр Сағатов мені еркелетіп Мантас дейтін.
- «Әй, Мантас, Оралда жастардың ән байқауында екі жігіт пен екі қыз «Іздедім сені әнін әр түрлі дауыстарда шебер орындады, шіркін, сен естімегенің-ай» деп өкініп қалдым, -деді.
-Әр әннің бағын ашатын әншілер болады дедік қой. Мысалға, Гүлвира Разиева «Жаным саған не дейін» деген әнді керемет орындайды емес пе?
- Гүлвираның тембрі жақсы, ол эстрадалық жылдам айтылатын әндерді жақсы орындайды. Осы ән әдейі Гүлвираның тілегі бойынша жазылды. Басында қайырмасында екі дауыс болған. Бірақ жазылмады, мүмкін жазылмағаны да жақсы шығар.
- Осы уақытқа дейін бірсыпыра ән жазатындай уақыт өтті, шықпаған, нотада тұрған әндер бар ма?
- Қазірге дейін елу-алпыс әнім нотада тұр, менің негізгі мақсатым қомақты шығармалар жазу, арасында ән жазамын, сондай сәтте сәтті туған тағы бір әнім, «Айдынға кел» деп аталады. Бұл ән тыңдаушының қиялын қозғайтын лирикалық туынды.
Ғашық болмайтын жан жоқ. Анам тоқсан сегіз жасында дүниеден өтті. Сонда «көңіл өлмейді екен, осынша жасқа келгенмен менің арманым көп» деп отыратын.
Арманы бар жерде әсем ән туады, өйткені ол сезім тудыратын нәрсе. Неге жасы ұлғайған адам әдептілікті ұстайды, «көңілің жас екен» деп әбестікке бару үлкен адамдарға жараспайды.
- Көп әндер нотада жатыр дейсіз, мол әндердің ішінде қазіргі заман талабына лайық әндер бар ма? Демеуші іздеп, осы әндерді неге тыңдаушыға ұсынбасқа?
- Мен опера жазып жатырмын, ол әндерді орындату үшін оркестрге түсіру керек, орындату керек деген сияқты машақаттары бар әрі уақыт тығыз. Теледидарға болса, видеотаспаға, радиоға болса аудиотаспаға түсіру керек.
Ал осыдан екі жыл бұрын Оңтүстік Корея біздің авторлық құқықты қорғау қоғамы арқылы нотада тұрған біраз әндерімді сатып алып әкетті. Менің жиырма жеті әніме қызығып отыр.
Ал енді бізде де жаңалық бар. Жақында мен Мәдениет министрлігінде болдым. Қаламақылық қор ашылды, бұл біз үшін қуаныш. Жас авторға мұндай тапсырыс үміт сезімін ұялатады. Шешуші мәселенің бірі осы.
- Жеке шығармаларыңыз жинақ болып шықты ма?
- Жеке кітабым үшеу.
- Есеп беру концертін қашан ұйымдастырамын деп ойлайсыз?
- Мәдениет министрлігі қолдаса облыстарға барып, халықпен қауышқанға не жетсін.
- Алтын көмбеде жатқан шығармаларыңыздың бәрін халқыңызға жеткізіп, жақсы әндеріңізбен халқыңызды қуанта беріңіз.
Бұл менің композитор Мыңжасар Маңғытаевтың көзі тірісінде Қазақ радиосының әуе толқынына дайындаған «Өнерім-өмірім» деген хабарыма алған сұхбатым еді. Мен айналасына шуақ шашып, кішіге қамқор бола білген білгір де білімді композитормен осылайша сыр шерткен едім.
Дүниеден өткен сахна саңлақтары жайлы әлденеше сыр ашқан сұңғыла шежіре Мыңжасар Маңғытаев алтын уақыттың бір минутын да бос жібермей, бойындағы асыл қасиетті келер ұрпаққа аманат ету ісін мүлтіксіз орындап, үнемі жұмыс үстінде шыныққан төл өнеріміздің өкілі еді. Біз енді ол кісінің жақсы істерін, шығармашылығын айтып, еске алатын болдық. Дүние дегеннің алмасып тұратыны осыдан болса керек. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева