Мырзағали Айтжанов: Ұлттық құрамаға іліккен боксшыларға босаңсуға болмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жексенбі күні Павлодар қаласында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты мәресіне жетті. Бір аптаға созылған тартысты жекпе-жектерде топ жарған былғары қолғап шеберлерін бас бапкер Мырзағали Айтжанов ұлттық құрама сапына таңдап алды.
None
None

Жарыстан кейін Айтжанов мырзаға арнайы қоңырау шалып, жасақталған жаңа команда жайында ой бөлістік.

- Мырзағали Құланұлы, ел біріншілігі қалай өтті? Боксшылардың өнеріне көңіліңіз толды ма?

- Жалпы, ел біріншілігі өте жоғары деңгейде өтті. Барлық облыстар жоғары дайындықпен келгені көрініп тұрды. Өздеріңіз білесіздер, біз Рио Олимпиадасында қоржынымызға медаль салған азаматтарды осы ел біріншілігінен босатқан болатынбыз. Соған қарамастан, әр салмақта бәсекелестік өте жоғары болды. Осындай бәсекелестікті көріп, еліміздің барлық өңірінде бокстың қалай дамып жатқанын байқауға болады.

- Осыған дейін ең жеңіл 49 келі салмақта Біржан Жақыпов ұзақ жыл көшбасшылықты бермей келгені анық. Биыл оның орнын Теміртас Жүсіпов басып отыр. Бұл азаматқа қаншалық үміт артуға болады?

- Теміртас осыған дейін де спортта орны бар, тәжірибелі боксшыларымыздың бірі екенін көрсетіп келген. Ал сенім арту мәселесіне тоқталатын болсақ, оны алдағы уақыт көрсетеді. Себебі, алдымызда көптеген халықаралық жарыстар күтіп тұр. Сонда бүгінгі мықтыларымыздың нағыз сыналатын кездері болады.

- Ал егер ішкі біріншілікте чемпион атанып, ұлттық құрамаға іліккен боксшыларымыз сондай халықаралық додаларда ел үмітін ақтай алмай жатса, оларға қандай шара қолданылады?

- Кез-келген боксшыға «Ұлттық құрамаға іліктім. Енді болды» деп босаңсуға болмайды. Ұлттық құрамаға кірді ме, оған үлкен жауапкершілік артылады. Өзіміздің ішкі тәртібіміз, ішкі ережелеріміз бар. Соған бағынбаған, жаттығуға селқос қараған боксшыларға бізде орын жоқ.

- Ал биыл көптеген боксшыларымыз жаңа салмаққа ауысты. Осы жайындағы өзгерістерді де айта кетсеңіз...

- Иә, қатып қалған ештеңе жоқ. Спортта өзгерістің болып тұрғаны жақсы. Жас боксшылар өсіп келеді. Дене бітімі толығып, өскен сайын салмағы да өсетіні заңдылық. Ілияс Сүлейменов 52 келі салмақтан 56 келіге, Абылайхан Жүсіпов 64 келі салмақтан 69 келіге, Жәнібек Әлімханұлы 75 келі салмақтан 81 келіге өтті. Бұл салмақтардың барлығында бәсекелестік ең жоғары. Енді нағыз кімнің кім екенін анықтайтын боламыз. Міне, осы жаңа салмақта Абылайхан Жүсіпов пен Жәнібек Әлімханұлы ел чемпионы атанып отыр. Бұл үлкен жетістік.

- 69 келіде Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов, ал 81 келіде Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов бар. Жүсіпов пен Әлімханұлы олардың көлеңкесінде қалып қоймай ма?

- Оның барлығын уақыт пен ринг көрсететін болады. Бірақ, ешкім ешкімнің көлеңкесінде қалып қоймайды. Ұлттық құрамадағы барлық боксшылар бірге жаттығады. Ешкімді бөліп жарып, жеке-жеке жаттықтырмаймыз. Кім еңбектенеді, соның жұлдызы жанады.  Жүсіпов те, Әлімханұлы да әлі көп тер төгулері керек.

- Ұлттық құрама жасақталды. Енді оқу-жаттығу жиналысын қашан бастайсыздар?

- Алла қаласа, алғашқы оқу-жаттығуымызды жаңа жылдан кейін, 5-26 қаңтар аралығында Алматы облысындағы Дүниежүзілік бокс академиясында өткізуді жоспарлап отырмыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар