Мырзатай Жолдасбеков: Ана мен туған жер - бөлуге болмайтын егіз ұғым

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркітанушы-ғалым, профессор, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың балалық шағы Жамбыл облысының Талас ауданында өтті.
None
None

Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген еді. Жоқшылық көрді, ерте есейіп, үлкен өмірге ерте араласты. Соған қарамастан құдайдың нұры түсіп, қажырлы еңбегі мен ғылымға деген құштарлығының арқасында ел таныған азамат болып шыққанын қазір баршамыз білеміз.

«Соғыс жылдары. Нан жоқ, жүгерінің нанын көп жей алмайсың, көктемнің шығуын асыға күтеміз. Көктемде шидің түбіне таяқтай-таяқтай жуа шығады. Ши қалың. Түбі жұмсақ болады. Жуа шықса, тереміз, айранға турап жейтінбіз. Әжептәуір қорек болады. Ал жаз шыға жайлауға көшеміз. Киіз ауылда бәрі күбі пісетін. Барлығы қосамжарлана пісе бастағанда құдды бір оркестр секілді азан-қазан болатын. Апам да күбі піседі. Айраннан май түседі. Таңертең ұйқыдан тұра сала май сұрайтынбыз. Майды екі алақанымызға салып, ерітіп жалаушы едік, тәтті болатын. Ал ақ полатнайдан көйлек, дамбал тігіп берсе, кешкісін тіреудегі шегеге іліп, қашан таң атады, қашан киер екем деп таң атқанша көз ілмеуші едік. Бүгінде балалар дүниенің қадірін білмейді, бағаламайды, дүние өзінен өзі ағылып келіп жатқандай көреді.

Күн жылына бастағаннан ауыл киіз үйін артып, жайлауға көшетінін айттым. Көлдің иығына қонамыз. Оны бүгінде Жолдасбектің әулеті дейді. Апам кейде төсекті далаға салып береді. Түнде тоңатын болуы керек, таңертең тұрсақ, тостағандай болып иіріліп, қойнымызда жылан жататын. Біз әбден үйреніп кеткенбіз. Қорықпаймыз. Су жылан өзің тимесең шақпайды. Біз тұрғанда ол да жылжып көлге қарай кетеді.

Киіз үйлер айнала дөңгеленіп тігіледі. Ортасы малдың көгеніне толады. Кешкісін қой, ешкі сауылады, біз қозы-лақты көгендейміз. Апаларымыз ошаққа отты лапылдатып жағып, сүт пісіреді. Сол кезде кеш қараңғылығы қаумалаған ауыл бірден жап-жарық болып кететін. Біз қораның төрінде отырып, жұмбақ, ертегі айтысамыз», - деп еске алады бала күнді Мырзатай аға.

Ағаның туа біткен бір ерекшелігі бар. Ондай өзгеше баланы қазақ нысаналы дейді. Ол дүниеге келетін жылы ауылдың үстін басып сығандар тобыры өтіпті. Ішінде қазақша білетін бір кемпірге айы-күні жетіп отырған Мырзатайдың анасы бал аштырған екен. Сонда әлгі балгер:

- Ұл туасың, оң аяғының нысанасы болады, дәрежелі, дәулетті болады, - депті. Бір аптадан соң дүниеге ұл бала келіп, әйелдер жабыла оң аяғына қараса, алты бармағы бар екен. 9-сыныпқа дейін жоқшылықта өсіп, суық түскенше жалаңаяқ жүруге мәжбүр болған бала алты бармағынан ұялып, үнемі жасырып-жауып жүріпті. Ауылда гармон тартатын жалғыз өзі, сондықтан би кештері онсыз өтпейді. Сондай кештерде сол аяғымен оң аяғының бармақтарын түгел жауып отырып, гармон тартады екен. Ұялғаны.

Бір қызық оқиғаны Мырзатай аға әлі күнге жадында сақтап қалыпты. 1948 жылы бастауыш мектепті бітіріп, ана мен бала оқуды жалғастыратын жер іздепті. Бір жыл бұрын әкесі дүние салған. Соғыстан оралмаған ағасы Омартайдан хабар жоқ. Бастауыштан кейін Қызылжар (қазіргі Көшек) ауылында бөлесі Ысқақтың үйінде жатып оқитын болады. Бөле ағасы ұсталып кетіп, жеңгесі балаға дұрыс қарамай қояды. Ысқақтың қамалғанын осыдан көріп, «Мысық тілеу, аяғы құтсыз болды, жетімек» деп жазғырады. Үйге келмей, әр жақтан келіп оқып жатқан балалардың үйлеріне түнеп, айлап қаңғып кетеді екен. Қамқор болып, іздейтін жеңге жоқ. Жүрген жерінде бәрі әкесін біледі, «қайран Жөкеңнің көзі екен ғой, шырағым» деп мүсіркейді, түнетеді, біреулер тіпті жылап алады екен. Апасы бомазидан қолдан тігіп берген жадағай шалбарының арты жыртылып тесіліп, үзіліс кезінде қолымен артын жауып жүргені өз алдына.

Қызылжардағы бір жыл осылай өтті. Қараусыз әр үйде қонып жүрсе де, бесінші сыныпты үздік бітірген балаға мектептің оқу ісінің меңгерушісі Сағит Батчаев куәлігін беріп тұрып «Мырзатай, қаңғып жүріп, 5-сыныпты үздік бітірдің, сенің келешегің зор, келешекте кім болғаныңды көрер ме едім, шіркін. Алған бетіңнен қайтпа, қиындыққа төзе біл, сонда мұратыңа жетесің» деген екен. Бұл сөздер жас баланың көңілін босатқан еді.

Сол жолы ағасы Шымыртаймен, бәйге аты Қаражанмен жылап көріскені туралы ғалым былай деп тебірене жазады:

- Оларды көргенім мұң екен, әкем тіріліп келгендей, төңірегім шуақ шашқандай болды. Қаражанды мойнынан құшақтап, танауынан иіскеп, үнсіз жыладым. Маған сұраулы көзбен қараған жануарыма «Қаражан, мен мұнда оқу, білім іздеп жүрмін ғой, білім іздеп жүрмін» деп, алқымынан, сауырынан, жалынан сипап, терге малшынған денесін сүйе бердім. Аттан түскен Шымыртай ағам да «шырағым, құлыным, құлдығым» деп бауырына қысып, ебіл-дебіл жылады. Ағама мінгесіп ауылға қайттым. Тұңғыш рет анамның құшағына еніп, ұзақ-ұзақ өксігенім бұл өмірде есімнен кетпес. Анам мен туған ауылымның соншалықты жақын, соншалықты қымбат, ең ардақты асылым екенін бірінші рет сезіндім. Бұл сөзбен айтып жеткізгісіз биік сезімдер. Ана мен туған жер бөлуге болмайтын егіз ұғым, өйткені екеуі де анаң. Ана, бала, туған жер үшеуміз еңіреп қайта қауышқанда, дүние түгелденгендей болды...

Сағит ұстазының қанат бітірген сөзін жадында берік ұстаған бала оқудан қол үзбеуге бел байлайды. Сол жылы облыс орталығындағы интернатқа орналасып, 6-сыныптан бастап сонда жатып оқиды. Оның интернатқа орналасуы да қызық. Алыстан келген қара баланы құжаттары түгел болмаған соң қабылдамай қойыпты. Қалайда оқимын деген ол интернаттың ауласында кешке дейін жылап отырған еді. Ауылға барып, құжаттарды түгендеп, қайтып келгенше уақыт өтіп кетеді, қабылдау мерзімі бітіп кетуі мүмкін. Сүйенер ешкімі жоқ, қалаға да жалғыз өзі әупірімдеп жеткен. Жаны жабырқаған баланы кешкісін сол интернаттың меңгерушісі көріп, үйіне алып кетеді. Ертеңіне бала Мырзатай интернатқа қабылданады.

Қазірде ел азаматы атанып, мемлекет өміріне белсене араласып жүрген қайраткер, ғалым Мырзатай Жолдасбековтың балалық дәурені осылай өткен. Осыншама қиындық көріп, еңбекте шыңдалып өспесе, ұлттық құндылықтар ұйыған қазақы ортаның тәлімін көрмесе, одан ғалым шығар ма еді, шықпас па еді. Бірақ сол уақыт, сол заман, ауыл-аймақ, туған жердің бала Мырзатайдың бойында нағыз азаматты, көреген ғалымды тәрбиелеп шығарғанына бүгінде барлығымыз куәміз.

Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Соңғы жаңалықтар