Мюнхенде жүздеген жолаушы түнді ұшақта өткізуге мәжбүр болды
АСТАНА. KAZINFORM – Германияның оңтүстігінде болған күшті жел салдарынан 500-ге жуық жолаушы түнді Мюнхен әуежайында ұшақта отыруға мәжбүр болды.
Толассыз жауған қар елдегі көлемі жөнінен екінші әуежайдың тынысын тарылтып, жүзге жуық рейсті тоқтатты, ал қалғандарының қашан ұшары белгісіз еді.
Әуежайдағы қарбаласты тыю үшін Бавария диспетчерлеріне бір реттік жеңілдік беріліп, түнгі рейстерді сағат 01:00-ге дейін ұшыруға рұқсат етілді. Бұл — түнгі он екіден таңғы беске дейін ұшуға қатаң тыйым салынатын Мюнхен үшін тосын шешім еді.
Кешкісін алыс және жақын бағыттағы бірнеше рейске жолаушылар отырғызылып, ұшақтар мұздан тазартылып, ұшуға әзірленді. Алайда түн ауа қардың екпіні күшейіп, қар тазалау бригадалары ұшу жолағын талапқа сай мерзімде тазарта алмай қалды. Нәтижесінде кезек күтіп тұрған ұшақтарға ұшуға рұқсат берілмеді.
Рейстер біржола тоқтатылғанда, мәселе тек ауа райында емес, ұйымдастыру жүйесінде екені анықталды. Ұшақтар кері қайтып, жолаушыларды терминалға түсіре алмады — барлық тұрақ орындары басқа борттармен толып кеткен. Әуежайдың ресми мәлімдемесінде дәл сол сәтте шамамен 500 адамды тасымалдауға қажетті автобустардың болмағаны айтылды. Бұл туралы Aviation.Direct хабарлады.
Жалпы алғанда, бес рейс тығырыққа тірелді. Оның төртеуі Lufthansa-ға, біреуі еншілес Air Dolomiti компаниясына тиесілі.
Эвакуация таңғы бестен кейін ғана басталды. Сол уақытта әдеттегі рейстер біртіндеп қалпына келіп, қосымша автобустар ұйымдастырылды.
Логистикалық тұйық
Lufthansa өзінің мұндай жағдайға тап болуы жердегі қызметтердің жұмысының салақтығына байланысты деп түсінеді. Ал Мюнхен әуежайы кінәні тосын әрі қатал қысқа артып, бар ресурстың сарқылғанын жеткізді.
Әдетте қызмет сапасымен мақтанатын әуежай бұл оқиғадан кейін беделіне сызат түсірді. Әлеуметтік желілерде шаршаған, қажыған жолаушылардың суреттері тарап, байланыстың жоқтығы сынға алынды. Түнгі ұшуға арнайы рұқсат берілгенімен, неге ол іске аспағаны, неге терминалға кері жол жабылғаны көпшілікке түсініксіз күйде қалды.
Сала сарапшылары төтенше жағдай жоспарының әлсіздігін меңзейді. Авиацияда боранды күндері ұшақтардың күтуі қалыпты жайт болғанымен, түн ішінде алты сағаттан аса уақыт терминалдағы санитарлық жағдайға қол жеткізе алмай, бортта қамалу — қызмет көрсету қағидаларына қайшы әрекет.
Ендігі сөз — тексерісте. Неліктен жолаушыларға басымдық берілмеді? Қыс жағдайына лайық жердегі қызметкерлер жетіспеді ме?
Боран басылғанмен, бұл сұрақтардың бораны әлі басылар емес.
Осыған дейін Колумбияда жоғалған ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы жаздық.