МЗЖҚ зейнетақы жинақтау қорының халықтық ІРО бағдарламасына қатысуы талқыланып жатыр - Григорий Марченко
«МЗЖҚ зейнетақы жинақтау қорында 9 жыл Еуропа қайта құру және даму банкімен жұмыс істедік. Оларға ешқандай талабымыз жоқ. Олар стратегиялық инвестор табуға тырысты, түрлі кездесулер ұйымдастырды. Өкінішке орай қазір Еуропада дамушы елдерден актив алуға еш тәбеті жоқ. Өйткені олардың өз мәселелері де өте көп болып отыр. Сондықтан өмірді сақтандыру немесе активтерді басқаруда А рейтингіндегі және одан жоғарғы қандай да бір ірі еуропалық компанияны тарту идеясын жүзеге асыра алмадық. Сол себепті сатып алу келісімін жасаған соң МЗЖҚ 100 пайыз біздің иелігімізге өтті», - деді Г. Марченко. Оның айтуынша, қазір МЗЖҚ-ны халықтық ІРО бағдарламасына енгізу мәселесі талқылануда. Бұл енді стратегиялық инвесторға байланысты болып отыр. Қазақстанда қазір 13 зейнетақы жинақтау қоры бар. Олардың да халықтық ІРО бағдарламасына қатысуға мүмкіндігі бар. Қаржы ұйымдарын бақылау қызметі бізге берілген соң біз зейнетақы жинақтау қорына акционер бола алмаймыз. Сол себепті рентабельді бизнес болса да біз одан шығуымыз керек.