Н.Әбдібеков: Қарағанды облысы су тасқынына қарсы дайындық жұмыстарын жүргізуде

«Өткен жылы қызыл су жайылған елді мекендердің жағдайын зерделедік. Қазір қай ауылға қандай қауіп төнетінін болжап отырмыз. Кез келген жағдайда селге дайынбыз», - деді Н. Әбдібеков өткен жылы су басқан Ғ. Мұстафин кенті тұрғынының сұрағына жауап беріп.
Әкім аймақтағы су қоймалардан суды шығару бойынша жұмыстар басталып кеткенін айтты. Сонымен қатар, жолдардағы су өткізу құрылымдарының жағдайы сарапталды. Елді мекендердің маңындағы дамбалар мен қоршаулар күшейтіліп жатыр.
«Биыл өткен жылмен салыстырғанда су тасқынына жақсырақ дайындалдық деп есептеймін. Төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін 1 млрд. теңге қарастырдық. Өткен жылы бұл сома аздау болған. Қазір бұл қаражат облыстық мәслихаттың қолдауымен бюджетте жоспарланды. Кез-келген уақытта оны мақсатты түрде бағыттай аламыз. Осындай резервтер аудандарымыз бен қалаларымызда жасақталды. Қосымша резервтер құрылуда. Тұрғындар төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керек екенін үйреніп жатыр».
Облыс әкімі елді мекендерде қосымша 80 түрлі хабарландыру жүйесі орнатылғанын айта кетті.