Н.Байғанин мен Ә.Молдағұлованың жеке заттары Ұлттық музейге тапсырылды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтөбе қаласы Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясында «Ұлттық музейге сый тарту» республикалық акциясы өтті.
Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметіның хабарлауынша, іс-шарада сөз алған Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов акцияға атсалысқан барлық қатысушыларға алғыс білдірді.
«Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Сондықтан да «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы ұлттық идеалогияны, оның ішінде «Мәңгілік ел» идеясын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отырған ерекше шара. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналып жатқан жәдігерлер қазақ тарихының куәгері іспетті. Оның барлығы да келешек ұрпақ үшін аса қажет. Ақтөбе облысы әкімі атынан осы іс-шараға белсенді түрде қатысып жатқан барлық азаматтарға алғыс білдіремін», - деді А.Шериязданов.
ҚР Ұлттық музейі қорларды жинақтау, есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Рыскүл Ескендірқызы «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы туралы айта келе, барлық қатысушыларға музей директоры Дархан Мыңбайдың атынан алғыс хаттар табыстады.
«Осыдан бір жыл бұрын бұл акция Астана қаласынан бастау алған еді. Одан кейін аталмыш шара Алматы және Қызылорда қалаларында өтіп, Ұлттық музей қорына мыңнан астам жәдігер тапсырылды. Ендігі кезек, міне, Ақтөбе өңіріне келіп жетті. Нәтижесінде 300-ге жуық жәдігер жиналды. Ұлттың рухы, болмыс-бітімі, ата танымы көп нәрседен биік тұрады және оның құны алтынмен де, басқамен де өлшенбейді. Осы идеологияны бойына сіңіріп өскен балалардан ертең намысты қолдан бермейтін үлкен азаматтар шығады». - деді Р.Ескендірқызы.
Құдайберген Жұбанов, Нұрпейіс Байғанин, Әлия Молдағұлова, Марат Оспанов, Қадірәлі Ержановсынды ұлтымыздың біртуар перзенттерінің ұрпақтары құнды жәдігерлерді табыстаса, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы, ҚР білім беру ісінің үздігі Ғалымжан Байдарбес, ақтөбелік жас миллионер Марат Жақсылықұлы, мәдениет қайраткері Қайырғали Қожамбаев, бокстан Азия және Әлем чемпионы Галиб Джафаров, қазақша күрестен Азия және Әлем чемпионы Бақтыбай Қисықов, самбо және дзюдо күресінен Азия және 2 мәрте Әлем чемпионы Райса Байлиева, гір көтеруден 12 мәрте әлем чемпионы Евгений Гончаров секілді облыс мақтаныштары Ұлттық музей қорына жеке заттарын тапсырды.
Жәдігер Кенбай, Орынғали Хайруллин, Евгения Сухотина, Марат Ғабдрахманов, Нұрлан Жақыбаев, Мақсұт Жаханов, Александр Корват, Болат Атыраубаев, Ерқосай Әбілов, Қайрат Ноғаев, Гүлден Аязбаева, Алексей Верещагин, Таймас Телеуішов секілді талантты суретші-мүсіншілер музейге шығармашылық туындыларын тарту етті.
Сонымен қатар, аталмыш акцияға жергілікті кәсіпкерлер де белсенді түрде қатысты. Атап айтсақ, «Динар-Электромаш» ЖШС Ұлттық музейге XVIII ғасырдың екінші жартысына жататын келі мен келсапты тапсырды.
Шара соңында «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі әннен шашу шашып, мың бұралған бишілер көрерменнің қошеметіне бөленді.
Айта кетейік, «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы 2015 жылы 18 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде салтанатты түрде бастау алған болатын. Акцияға қатысушы өзінің коллекциясындағы құнды жәдігерді, ел тарихына қатысты елеулі мұраны немесе елге белгілі тұлғаның қолданған заттарын музейге сақтауға табыстайды. Барлық сый-тартуларға заңдық негізде қабылдап алу шарты жасалып, олар Ұлттық музейдің қорына өткізіледі. Сый-тартулар негізінде арнайы көрме ұйымдастырылады.