20:52, 29 Желтоқсан 2015 | GMT +5
Н.Назарбаев Астанада жаңажылдық қайырымдылық кешіне қатысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Думан» ойын-сауық кешенінде өткен жаңажылдық елордалық кешке қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жиналғандарға сөз арнаған Мемлекет басшысы алдағы жылды республикамыз өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізетінін айтты.
- Ұлы мерекені лайықты қарсы алу үшін бүкіл еліміз жұмыла еңбек ететін болады. Егемендік жылдары жаңа ел қалыптасты, оған барша қазақстандықтардың күш-жігері арқылы қол жеткізілді. Көпэтносты және көпконфессиялы халқымызға бірлескен жұмыс үшін зор алғысымды білдіргім келеді, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев баршаны алдағы Жаңа жылмен құттықтады және елімізге игілік, әр үйге татулық пен келісім тіледі.
Қайырымдылық кешінен түскен қаражат түгелімен «Мейірімділік» Ерікті қоғамы» қорына аударылады.