Н. Назарбаев барша қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады

«Құрметті қазақстандықтар, бүгін барлық мұсылман әлемі, дүниедегі 1,5 млрд. мұсылман жұртшылығы еліміздің төл мерекесі саналатын Құрбан айт мейрамын зор құрметпен өткізіп жатыр. Тәуелсіздік жылдарында өзіміздің төл дініміз, Ислам дініне халқымыз жаппай оралуда. Осының барлығы қайырымен болсын!», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасының атап өтуінше, Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстанда 3 мыңнан астам мешіт жұмыс істеуде, салынып та жатыр. Астанада еліміздегі ең үлкен Хазірет Сұлтан мешіті бой көтерді. Ал мұның барлығы да дінге, мұсылмандарға жасалған зор қамқорлық.
«Тәуелсіздігіміздің арқасында мыңдаған қазақстандық қажылық жасап, Меккеде өздерінің намаздарын оқып, тілек тілеп жатыр. Сол тілектердің барлығы да қабыл болсын! Баршаларыңызды шын жүрегіммен бүгін Құрбан айт мейрамымен құттықтап, тілеген тілектеріңіз, шалған құрбандықтарыңыз Алланың құлағына шалынсын», - деп атап өткен ҚР Президенті барша мұсылмандарды Алла Тағала береке-бірліктен ажыратпасын, әрбір отбасында жақсылық, береке болсын деген тілегін жеткізді.