Н.Назарбаев ЕЭК басшыларының жұмысын арнайы бағалау жүйесін жасауды ұсынды

Мемлекет басшысы өз сөзінде Еуразиялық экономикалық комиссия өкілеттігін кеңейту мәселесіне баса көңіл бөлді. «Қазір өкілеттікті шамадан тыс кеңейтудің қажеті жоқ, деп санаймын. Одан да бірлесіп жұмыс жасайық. Бұл туралы біз Астанада да, қазан айында Минскіде де айттық», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасымен жұмыс үдерісінде комиссия өзіне қосымша өкілеттіктер алуға тырысып отырған көптеген сәттерді байқадық, деп атап өтті.
«Мұндай өкілеттіктер керек те шығар. Бірақ та олардың өздеріне көбірек алуына тырысуын емес, оларға қандай өкілеттіктер беретінімізді осы арада талқылау қажет», - деді Н.Назарбаев.
«Комиссия қызметінің бағалау тетігі туралы мәселе анағұрлым пайдалы деп ойлаймын, - деді Мемлекет басшысы. - Ресейде және Қазақстанда шенеуніктер жұмысын бағалау жүйесі бар. Оны біздің комиссияға да қолдану қажет».
«Сондай-ақ алқа мүшелерінің қабылдайтын шешімдеріне жекелей жауапкершілігін бекіту де артық болмайды. Бізде алқа мүшелеріне артықшылықтар, иммунитет және кең өкілеттіктер беру шешімі бар. Сондай-ақ бұл үшін жауапкершілікті де жүктеу қажет. Бұл біздің халықаралық шенеуніктердің әрбір қадамын екшеп басуына, олардың кез келген шешімге шынайы, сарабдал тұрғыдан келуіне мәжбүр етеді, сонда дүрмек те болмайды. Қазірдің өзінде үкіметтерге бірлесе отырып, біздің кезекті отырысымызға арнайы құжат жасауды тапсыру қажет».