21:30, 11 Қараша 2013 | GMT +5
Н.Назарбаев: ЕЭО-ның барлық мемлекеттер үшін тең құқылығын, тиімділігін дәлелдегіміз келеді
ЕКАТЕРИНБУРГ. 11 қараша. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақтың барлық мемлекеттер үшін тең құқылығын, тиімділігін дәлелдегіміз келеді. Бұл туралы ҚР мен РФ аймақаралық ынтымақтастығының 10-шы мерейтойлық форумының аясында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылғаннан кейінгі брифингте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер алдында біз осында, іште бәсекелестікті шынықтырып алуымыз керек. Сондықтан да біз Ресей, Қазақстан, Беларусь Кеден одағын құрдық. Ол екі жылғы жұмысында өзінің тиімділігін көрсетті және біздер Еуразиялық экономикалық оджақ құруға, яғни, посткеңестік кеңістікте интеграцияның ең жоғары деңгейіне сенімді жылжып келеміз. Оның барлық мемлекеттер үшін тең құқылығын, тиімділігін, пайдалы екендігін дәлелдегіміз келеді», - деді Елбасы. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Екатеринбург форумы өте сәтті өткендігін әрі оның өзара тиімді қарым-қатынастарды, сауда-саттықты, экономикалық ынтымақтастықты дамытуға өз септігін тигізетіндігін, бауырлас халықтардың игілігіне қызмет ететіндігін баса айтты.