Н.Назарбаев: Еуразиялық экономикалық одақ - Еуропа ареалы мен гүлденген Азия арасындағы сенімді көпір

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ - Еуропа ареалы мен гүлденген Азия арасындағы сенімді көпір. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою салтанатынан кейінгі мәлімдемесінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.

«Мен Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы бастаманы осыдан 20 жыл бұрын Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жариялаған едім. Уақыт қана сенімділік қабілетіне ие. Біздің екі онжылдық тарихтағы тәжірибеміз - бұған куә», - дей келе Елбасы еуразиялық интеграция идеясының Ресей мен Беларусь президенттері тарапынан қолдау тапқанын, дәл соның арқасында бүгінгі тарихи шартқа қол қойылғанын атап өтті. Сонымен қатар, Елбасы интеграцияның игілікті тұстарына да тоқталып өтті. Президенттің айтуынша, соңғы 5 жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен тауар айналымы 88 пайызға артып, 24 млрд. долларға жетті. Еуразиялық интеграция бойынша әріптес елдерге Қазақстанның экспорты 63 пайызға өсіп, 6 млрд. долларға жетті. «Бұл абстракциялы көрсеткіш емес, олардың артында жүздеген кәсіпорындар мен мекемелер, өзара байланыстың жаңа желілері тұр», - деді Н.Назарбаев. Осы ретте Мемлекет басшысы басқа да интеграциялық бірлестіктердің тәжірибесін зерделеу маңызды екенін айта келе, бірінші кезекте Еуропалық Одаққа назар аударды. «Мұндағы басты мәселе - қатысушы мемлекеттердің бір де біреуін деиндустрияландыру үдерісіне ұшыратпау, ұлттық экономиканың дәстүрлі салаларында, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында құлдырауды болдырмау. Еуропалық экономика рецессиясының сабақтары да осында жатыр. Ал әлемдік тәжірибенің өзі интеграция дегеніміз ең алдымен экономиканы дамыту үшін ұзақмерзімді жағдай жасау мен халықтың игілігі үшін жаңа мүмкіндіктер ашу екенін көрсетіп отыр. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақтан біз жаһандық байланыстар желісіндегі ашық экономикалық қауымдастықты көреміз. Еуразиялық экономикалық одақ - Еуропа ареалы мен гүлденген Азия арасындағы сенімді көпір», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар