Н.Назарбаев: ХХІ ғасырға сай ұрпақ тәрбиелеу - ерекше құрметке лайық іс, ол аса зор жауапкершілік пен ерен еңбекті қажет етеді

Елбасының Қазақстанның үздік педагогтары форумының қатысушыларына арнаған құттықтауы ресми БАҚ-тарда жарияланды. ҚазАқпарат оның толық мәтінін ұсынады.
Құрметті форумға қатысушылар!
Сіздерді және сіздер арқылы Қазақстанның барша педагогтарын кәсіби мерекелеріңізбен - Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздер күнделікті тынымсыз еңбектеріңізбен миллиондаған отандастарымызды дүниені тану процесіне тартасыздар, жоғары білімді, адамгершілігі мол және патриот азаматтарды тәрбиелеп, олардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына жол ашасыздар. Демек, ел болашағының іргетасын сіздер қалайсыздар.
ХХІ ғасырға сай ұрпақ тәрбиелеу - ерекше құрметке лайық іс, ол аса зор жауапкершілік пен ерен еңбекті қажет етеді.
Елімізде білім беру саласының материалдық-техникалық, әдістемелік базасын жаңғырту, білікті педагогикалық кадрларды көбейту және оларға қолдау көрсету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Қай заманда болмасын мұғалім адамгершілікті, мәдениетті жеткізуші, өз ісіне адалдықтың үлгісі болған.
Мұғалім жүрегіндегі мейірімділік пен даналық ешқашан сарқылмасын, өз кәсібіне адалдық оты сөнбесін.
Сіздердің игілікті еңбектеріңізге сәттілік тілеймін.
Қазақстан Республикасының Президенті
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.