Н. Назарбаев кәсіпорындарды және қаржы жүйесін дағдарыстан кейін қалпына келтіру бағдарламасын жасауды тапсырды
«Бүгінде еркін индустриялық аймақтарды ұйымдастыру шаралары, сервистік жәрдем беру шаралары басталып кетті. Бұл бағдарлама бойынша жұмыс істейтін учаскелердегі жалпы адамдар саны 20 мыңнан асады. Бұл ретте қосымша 8 мыңға тарта тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Бұл индустрияландырудың алғашқы жылы үшін - аса нәтижелі көрсеткіш. Осы ретте шағын және орта бизнесті қолдау бойынша шараларды тоқтатпау керек. Соған сәйкес, ҚР Үкіметіне, Ұлттық банкіге, Қаржылық қадағалау агенттігіне дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл міндетті шешуге екі жақтан келу керек. Біріншіден, бәсекеге қабілетті кәсіпорындардың сауығуына көмек беру қажет. Бұл - оң құбылыс. Екіншіден, біздің қаржылық жүйемізді сауықтыру. Дағдарыс барысында банктік кредиттік портфельдер айтарлықтай төмендеді. Банктер нақты секторды несиелеуге әлі де кіріскен жоқ. Бұл экономиканың өсімін тежейді. Сондықтан да дағдарыс уақытында құрылған Стресстік активтер қорының әлеуетін пайдалануға тиіспіз», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы банктердің «шығындарды» мойындауға баруы тиістігін және «жұмыс істемейтін» активтерін Стресстік активтер қорына берулері қажеттігін атап өтті. «Бұндай мүмкіндікті біз тек биылға ғана беретін боламыз», - деді Елбасы.