Н.Назарбаев қазақ пен қырғыз зиялы қауымының форумын өткізуді ұсынды

Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге тұңғыш ресми сапармен келген Қырғызстан Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Әлем таныған ұлы Абайымыз бен адамзаттың Айтматовының есімдері екі елге де ортақ. Манасқа ықыласы ауған Шоқанның өнегесімен біз қазақтың бауырлас қырғыз еліне риясыз құрметін көреміз. Екі ел арасындағы ескеркіш орнату, көшенің атын Шоқан мен Шыңғыстың атымен атау шешімдерінің қабылдануы бекер емес. Мәдени өміріміздегі жарқын жаңалық қазақ-қырғыз халқының бір-біріне деген қалтқысыз көңілін айқындайды. Түптеп келгенде екі елдің арасындағы мәдениет қызметкерлері, жазушылар, композиторлар бір-бірімен қатынасты қазір асыға күтіп отыр», - деді Н.Назарбаев.
Сондықтанда Елбасының пайымынша, екі елдің зиялы қауымның арасындағы форум өткізу, Қырғызстанда Қазақстан жылын, Қазақстанда Қырғызстан күнін ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар екі елдің жастарын біріктіріп, байырғыдан келе жатқан халықтар арасындағы достық пен бірлікті нығайту бағытында жұмыстар жүргізу керек.
«Менің ойымша, бүгінгі өткен келіссөздер екі елдің арасындағы бауырлық қарым-қатынасты одан әрі өркендетуге, екі елдің арасын жақындатуға септігін тигізеді. Сондықтан Қырғыз Президентінің Қазақстанға келген сапары оңтайлы болды деп есептеймін»,- деді Мемлекет басшысы.