Н.Назарбаев: Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымының 70 пайызы өңірлерге тиесілі

«Біз сіздермен осыдан 10 жыл бұрын аймақаралық ынтымақтастықты бастадық. Бүгін біз 10-шы мерейтойлық кездесуге келіп отырмыз.
Әрине, бұл аралықта көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл Кеден одағының құрылуына база болды. Яғни, ықпалдастықтың келесі деңгейіне өту бағытында жұмыстар атқарудамыз. Соңғы уақытта бірлескен кәсіпорындар құру, шекаралас аймақтар, облыстар арасындағы сауда айналымы артуда», деді Елбасы.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, екі ел арасындағы сауда айналымының 70 пайызы өңірлердің еншісіне тиіп отыр. Бұл ретте Ресейдің өнеркәсіптік жүрегі Екатеринбург қаласының экономикалық байланыстарды нығайта түсуге зор мүмкіншілігі бар. Өйткені бұл өңірге қазақстандық шикізатты, әсіресе кен шикізатын, ферроқорытпаларды, бокситтерді жеткізуге мол мүмкіншілік бар. Бұл тауар айналымының арта түсуіне өз септігін тигізері сөзсіз
«Сіз дұрыс атап өткендей, соңғы уақытта өзара инвестиция көлемі артты, экспорт-импорт ұлғайды. Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік, болашақтағы Экономикалық одақ - ынтымақтастық үшін бұдан да зор мүмкіншіліктер ашады», - деді Н.Назарбаев.