Н.Назарбаев пен Н.Саркозидің кездесуінің нәтижесінде бірлескен декларация қабылданды

«Мемлекет басшылары екі елді біріктіріп отырған стратегиялық әріптестік аясындағы қазақстандық-француздық қатынастардың қарқынды дамуын қарсы алды. Олар атап өткендей, қазақстандық-француздық Президенттік комиссия мен оның негізгі құрамдас бөліктері - Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес осы қатынастардың үдей түсуіне ықпал жасауда», - делінген құжатта.
Президент Николя Саркози Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтады. Осы кезең ішінде Қазақстан күрделі қиындықтарды жеңе алып, үдемелі экономикалық өсімге, сонымен қатар елдегі түрлі этникалық және діни қоғамдастықтардың бейбіт өмір сүруіне барлық жағдай жасай алды.
Мемлекет басшылары тез өзгерістерге көп ұшырайтын әлемде біздің елдердің тұрақтылығын сақтай алу барлық салалардағы терең реформаларды жүзеге асырумен қатарласа жүретінін, және әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс соңғы жылдардың демократиялық және әлеуметтік жетістіктерін сақтау жолымен жүзеге асырылуы қажет екендігін атап өтті.
Одан кейін декларацияда бірқатар маңызды мәселелер, соның ішінде БҰҰ-ның орталық рөлі жанындағы жаһандық басқаруды жақсарту қажеттілігі, Ливия халқына қолдау көрсету үшін кең ауқымды халықаралық мобилизацияны сақтау, Ауғанстанның қалпына келу процесіне қолдау көрсету мәселелері де айтылған.
Декларацияда хабарланғандай, Франция Қазақстанның Еуропа кеңесімен ынтымақтастығының кеңею процесін қолдап отыр. Оның аясында Астана бірқатар Еуропалық конвенцияларға қосылу үшін өтініш берген.
Президенттер Астана мен Париж арасында тікелей әуе қатынасының жақын арада орнауына үміт артып, қазақстандық және француздық компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың дами түсуіне өз қолдауларын көрсететінін атап өтті.
Декларацияда жеке тарау ретінде атап өтілгендей, президенттер Н.Назарбаев пен Н.Саркози Астана қалалық әкімдігі мен «Альстом» компаниясы арасындағы жеңіл рельсті трамвай жолы жобасын жүзеге асыру хақындағы келіссөздеріне де қолдау білдірді.