Н. Назарбаев туралы «ЖЗЛ» сериясынан жаңа кітап жарық көрді

***
Ғұмырнама ғибраттары
Нұрсұлтан Назарбаев туралы «ЖЗЛ» сериясынан жарық көрген кітапты оқығаннан кейінгі толғаныс
Сенім
Айналасы екі айдың ішінде басылымға жазылымның жайын қамдаумен еліміздің барлық өңірлерінде түгелдей болып шықтық. Бірер облысқа екі реттен баруға да тура келді. Оқырмандармен көптеген кездесулер өткізілді. Әкімдермен әбден әңгімелескеніміз тағы рас. Сол жүрісіміздің нәтижесі де, шүкіршілік, жақсы болғалы тұр. Алдыңғы күні, яғни 28 желтоқсанда облыстардағы меншікті тілшілерімізден түскен мәліметтердің өзі газет таралымы қазір-ақ 200 мыңдық межені еркін еңсергенін көрсетеді. «Қазпошта» қаптың түбін қаққанда, бұған дейін есепке алынбай келген «Эврика пресс», «Номад пресс», «Ernur press», «Alash press», «Евразия пресс», «Казах пресс» сияқты серіктестіктер жан-жақтан жүргізген жазылымды қосқанда желтоқсанның соңғы күндерінде келер жылғы оқырмандар қатарына шамамен он мыңдай, кейде тіпті одан да көп сан қосылатынын тәжірибеден жақсы білеміз. Оқырмандармен кездесулер жылда ұйымдастырылады. Оқырмандарды газетке жазылуға насихаттау жылда жүргізіледі. Соның өзінде де биылғы жазылымның жайы басқашалау болар-ау, жұртшылықтың көңіл-күйі өзгерер-ау деп ойлағанбыз. Неге басқашалай болмасын, неге көңіл-күй өзгермесін, егер сан түрлі себептерге, соның ішінде мұнай мен газдың, металдың барлық түрлерінің бағасы құлдырап түсіп кетуіне байланысты елдің экспорттық әлеуеті әжептәуір әлсіресе, бюджет кірісі 40 пайызға азайса, егер мемлекет қаржы жетімсіздігін нақты сезініп отырса, содан барып көп ақшаны қажет ететін күрделі құрылыстардың біразы қазірше салынбай қоя тұратыны, тіпті құрылысы басталып қалған нысандардың да біразы тоқтатыла тұратыны, қысқасы көрпеге қарай көсілуге тура келетіні ашық айтылып жатса? Жоқ, олай емес. Халықтың көңіл-күйі өзгермеген. Шүкіршілігі - сол шүкіршілік. Тәубешілігі - сол тәубешілік. Дастарқаны - сол дастарқан. Құдалығы - сол құдалық. Тойы - сол той. Тіпті, теңге бағамының өзгеруі де шетелден тауар таситын аз ағайыннан басқаның уайымына айнала қоймаған. Сонда не, халық қазіргі жағдайдың күрделілігін онша түсінбей отыр ма? Жоқ, түсініп отыр. Әлемдік дағдарыстың бұл толқыны бұрынғылардан қатты соғатынын, екпіні бірнеше жылға жететінін біліп те отыр. Түсіне тұра, біле тұра еңсесін биік ұстап отыр. Ең әрі барғанда «Көппен көрген ұлы той» деп отыр. Осындай жағдайда да халықты әлеуметтік қолдау саясаты жалғасып жатқанына, бюджет қызметкерлерінің, мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысы орташа есеппен алғанда үштен бір бөліктей өсетініне разылығын айтып отыр.
Неге бұлай? Себеп көп. Қай іске де кеңдікпен, сабырмен, төзімділікпен қарайтын қайран халқымыздың далалық дара даналығы бір себеп. Жаратқан Иеміздің қазақтың жерінің астын да, үстін де қымбат қазынаға толтырып қойған жомарттығының арқасында қолымыз жетіп отырған байлыққа сену бір себеп. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті тұрып, берекелі тіршілік құрып жатқан халықтың уақыт сынынан өткен достығына, бірлік бар жерде тірлік болатынына сену бір себеп.
Себептердің себебі - Қазақстан халқының Елбасына сенімі.
Халық Нұрсұлтан Назарбаевтың елді бұдан да қиын, бұдан да күрделі жағдайлардан алып шыққанын, абыроймен алып шыққанын жақсы біледі. Содан да әлемдік дағдарыс дауылының бастапқы толқындары бой көтере бастағаннан-ақ етек-жеңді қымтауды ойластырған халық Елбасынан кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді, өзінің дауысқа түсуін сұрады, ақыр аяғында тіпті талап та етті. 2015 жылғы Президенттік сайлауда Қазақстан халқының өзінің кемеңгерлігін бүкіл әлемге әйгілегені, ел бірлігіне беріктігі мен кемел келешекке сенімін көрсеткені, сайлауға бір кісідей (95,21 пайыз) қатысып, бір адамға бір кісідей (97,75 пайыз) дауыс беру арқылы ынтымақшылдықтың, ауызбірліктің ғажайып үлгісін танытқаны, Елбасының инаугурация рәсімінде толқи, тебірене тұрып: «Өмірін халқының бақыты жолына арнаған жанға бұдан зор құрмет болмайды. Мен үшін ел сенімінен асқан мәртебе жоқ, сол сенімді ақтаудан артық бақыт жоқ. Сол себепті, мен Қазақстанның жарқын болашағы жолында қандай тәуекелге де дайынмын» деп айтқаны баршаға белгілі. Сондықтан да, Елбасына сенген, елім деген Ердің соңынан ерген, екі тізгін, бір шылбырды қолына берген халқымыз алдан тосар қиындықтарға қасқая қарсы қарап тұр. Бұл белестен қайта ширығып, шынығып шығатынына сеніп тұр.
Бедел
Ел сенімін күшейтетін себептердің бірі - Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл әлем алдындағы биік беделі. Осыдан біраз бұрын Мақат Садықтың «Қазақстан» арнасындағы «Сіз не дейсіз?» атты авторлық бағдарламасына шақырылғанбыз. Сонда сөздің бір ретінде Елбасының дүние дидарындағы оқшау орнына мысал ретінде мына жайды айтып едік. Жақсылық көбейген сайын, игілік келген сайын бәріне бойымыз үйреніп барады. Бәрі де осылай болуға тиістідей көріп барамыз. Мысалы, Ақорда сайтына АҚШ Президенті Барак Обаманың өз бастамасы бойынша Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон соққаны, әңгіме барысында Қазақстан - АҚШ қарым-қатынастарының жай-күйі қозғалғаны, оған қоса Украинадағы дағдарысты жағдай талқыланғаны, біздің Елбасымызға осы ахуалды реттеуге атсалысу жөнінде өтініш айтылғаны туралы шағын хабар ілінді, ол кешке телеарналардан берілді, таңертең газеттерде жарияланды. Соған қарап «Обама Назарбаевқа телефон соғыпты ғой» деп қана қоя салатындарымыз да аз емес арамызда. Ал бағасын білген адамға АҚШ-тай ұлы елдің басшысының тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр да толмаған, небәрі 17 миллион ғана халқы бар, экономикасы әлі де шикізат бағасына тәуелділіктен құтыла қоймаған жас мемлекеттің басшысына өзі хабарласып, Қазақстанның әлемдік қауіпсіздікті нығайту ісіне жұмсаған күш-жігерін жоғары бағалауы, Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы бөлекше беделін, сыртқы саясаттағы орасан тәжірибесін, дипломатиялық дарынын адамзатты алаңдатып тұрған үлкен дауды шешуге жұмсауын, яғни Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу ісіне атсалысуын сұрауы бүкіл мемлекеттің мәртебесін өсіретін, әрқайсымыздың мерейімізді тасытатын жай. Мемлекет басшысының Украинаның оңтүстік-шығысындағы бітімге әкелген белсенді қызметіне кейіннен бүкіл әлем куә болды. Бұл жөнінде Нұрлан Онжановтың биыл Астанадағы «Фолиант» баспасынан шыққан «Бітімгер. Дипломат жазбалары» атты кітабында жан-жақты айтылған.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргідей күрделі кезде Қытайға барса да, Англияға барса да, Францияға барса да миллиардтаған инвестициялармен, көптеген ірі жобалар жөніндегі меморандумдармен оралып жүруінің басты себебі де бүкіл әлем алдындағы саңлақ саясаткер, сенімді басшы ретіндегі асқан абыройында жатыр.
Асқан абырой әрқилы жағдайда танылады. Соның бірі - берік брендке айналған ұғымдар аясында ұлықталу.
Берік брендтердің бірі - «ЖЗЛ». Осылай айтылады. Біреуге «Жизнь замечательных людей» сериясының кітаптары» деп ежіктей сөйлеу жөн білетін адамның көңіліне келер еді. 1890-1924 жылдары Ф.Ф.Павленков баспасы бастап, 1933 жылы Максим Горький бастамашылығымен қалпына келтірілген, 1938 жылдан бері «Молодая гвардия» баспасы шығарып жүрген бұл серияға кейіпкер болып ену, шын мәнісінде, тарихқа ену. Оның аясында осы 125 жылдың ішінде басылған жалпы таралымы 100 миллион дананы құрайтын 1400-ден астам кітапта арғы-бергіде адамзат тарихында ірі ізін қалдырған, адамзат баласын ірі ісімен таң қалдырған тұлғалардың бәрі де қамтылған дей аламыз. Бұл серия кітаптарының өзіндік беті қалыптасқан, бәрі де өмірбаяндық деректерді жолымен, жөнімен, қисынымен келтіре отырып, өнегені алға тартады. Олардың ойы орнықты, сөзі салмақты, дерегі дәйекті, берер бағасы байыпты. «Бір кем дүние» дегендей, серияның атына тағылар жалғыз айып тек өмірден өткен және өмірден өткеніне біраз болған адамдар жайында ғана жазатындығы еді. «Сонда қалай, бүгінгі таңдағы адамзаттың ерен перзенттерінің еңбегі кезінде еленбей қала бере ме?» деген сыңайда сын айтылып та қалатын. Осыдан он жыл бұрын «Молодая гвардия» сол түйінді де тамаша тарқатты: бізбен замандас аса ірі тұлғалар туралы әңгімелейтін «ЖЗЛ: биография продолжается» деген атпен кітаптар шығара бастады. Осы жылдарда «Өмірбаян өрілуде» атымен Евгений Примаков, Владимир Путин, Фидель Кастро, Жерар Депардье, Михаил Калашников, Маргарет Тэтчер (2010 жылы), Габриэль Гарсиа Маркес (2012 жылы) сияқты атын бүкіл әлем білетін бірегей тұлғалардың өмірі жайында кітаптар жарияланды. Өзіміздің қолымыз жеткендерді ғана айтып жатырмыз.
Жақын күндерде бізге Мәскеуден осы сериямен шыққан «Нұрсұлтан Назарбаев» атты кітап келіп түсті. Авторлары - Валерий Михайлов пен Тайыр Мансұров. Саяси ғылымдар докторы, еуразиялық интеграция және Қазақстан - Ресей қарым-қатынастары туралы бірқатар кітаптардың авторы, көптеген жылдар бойы Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшісі, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі, ЕурАзЭҚ Бас хатшысы, Еуразия экономикалық комиссиясының энергетика және инфрақұрылым жөніндегі алқа мүшесі (министр) қызметтерін атқарған Тайыр Мансұровты оқырмандарымыз жақсы білуге тиіс. Көзі қарақты қазақ Валерий Михайлов есіміне де құрметпен қарайтыны анық. Халқымыздың шамамен үштен біріндейін баудай орып түсірген 30-шы жылдардағы алапат ашаршылық туралы тұңғыш кітапты («Хроника великого джута») жазған автор осы В.Михайлов. Оның бұл деректі еңбегі Қазақстаннан өзге елдерде (Ресей, Германия, Ұлыбритания) 9 рет басылғанын айтудың өзі жеткілікті. В.Михайловтың «ЖЗЛ» сериясына кітап жазу жөнінде тамаша тәжірибесі бар. Ол осы сериядан шыққан «Лермонтов», «Боратынский» кітаптарының авторы. «Лермонтовты» оқыдық. Қазақстандық автордың ақын өмірінен соншама дерекке қол жеткізгенінің өзіне қайран қалдық. «Боратынский» қазірше қолымызға тие қойған жоқ. Баспасөзде жарияланған пікірлер өте жоғары екендігін көрдік.
Тұлға
Атақты баспаның біздің Елбасымызға осыншалық ықылас түсіруінің өзіндік тарихы бар. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы» («Без правых и левых») деген кітабы осы баспадан сонау 1991 жылы, Тәуелсіздікке дейін-ақ шыққан болатын. «Еліміздегі қазіргі саяси жетекшілердің арасында біздің таңдауымыз неге Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа түскенін алдын ала түсіндіріп жатуды қажет деп санамас та едік. Бірақ ол нәрсенің басы ашық, мұның себебі, Советтік Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өз республикасында да, бүкіл елімізде де, шетелде де кеңінен танымал болып отырғандығында ғана емес (Сөз реті келгенде айта кетейік, оның халық арасында және түрлі саяси күштер арасында ие болған жоғары рейтингіне өзінің мемлекеттік қызметін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы міндетімен ұштастыра жүргізуі кедергі жасап жүрген жоқ). Кеңінен танымал болудың да түр-түрі бар екені айдай анық нәрсе. Біздің көзқарасымыз бойынша, ең жаман нәрсе - кеңінен танымал болудың қара бастың қамын жеуге айналып кетуі. Ондай кезде мақсатқа жету үшін кез келген құралды пайдалануды ақтап алатын белгілі заң күшіне енбей тұра алмайтыны сөзсіз. Ал нағыз кеңінен танымал болу дегеніміз әрқашан өзге мақсаттарға, адам үшін өзінің жеке басының «менінен» мейлінше жоғары тұратын теңдесі жоқ асыл қасиеттер мән-мағынасына айналатын абзал мақсаттарға ұдайы талпынудың нәтижесі болып табылады», деп жазған еді баспа кітаптың кіріспесінде. Баспаның: «Саясаттың алабажақ аспанында оның жұлдызы үміттің нұрын шашады» («На пестром политическом небосклоне его звезда излучает свет надежды») деп сол заманда-ақ жазғанына бүгінде қайран қалмасқа қайран жоқ.
Ең алдымен айтарымыз - кітап авторларының кейіпкердің ел өміріндегі, Еуразиялық кеңістіктегі, әлемдік ауқымдағы орнын, салмағын, атқарар рөлін дәл бағамдай білетіндігі. Шын мәнісінде, өзіңмен бір ауаны бірге тыныстап жүрген замандасқа белгілі бір арақашықтықтан қарай алу оңай да емес. Дұрысы - қиын-ақ. «Тарихтан мына жай жақсы белгілі: өзінің ерен тұлғаларын, халықтардың, елдер мен бүкіл адамзат қоғамдастығының жасампаздық жолын айқындайтын ең жарқын қайраткерлерін уақыттың өзі іздеп табатын сияқты. Ондай ерен тұлғалар тарихи үдеріске ерекше қажет болған тұста дер кезінде шығады» (5-бет) деп басталатын кітап әр халық өз тағдырын өзі жасайтынын, өз тарихының ең қиын, бетбұрысты белестерінде қоғамды басқаруға және оны алдан шыққан мәселелерді шешуге жұмылдыруға ғана емес, сонымен бірге халық тағдырын ерекше қуатпен, барынша толық түсінуге, оның бүкіл негіз-арқауын, рухани, материалдық тұрғыдағы тереңдігін пайымдауға, тарихи, саяси, экономикалық, мәдени келешегін көре білуге де қабілетті көсемдерді ортасынан алып шыға алатынын айтады. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тарихи миссиясы болашаққа ұмтылған жаңа, тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру, құру, орнықтыру, дамыту, өркендету екендігін жасампаз саясаткер ретінде әу бастан барынша байыптай алған бақытты басшы. «Саясаттың биік парызы миллиондаған адамдардың тағдыры үшін жауаптылықты түсіне білуде», дейді Нұрсұлтан Әбішұлының өзі.
Конфуцийге телінетін, «Өзгерістер уақытында өмір сүргір!» делінетін қытай қарғысы бар. Біздің Елбасымыз сол сөздің өзін алғысқа айналдыра алған адам. Қазақстан - өзгерістер уақытынан ұтысқа шыққан мемлекет. Назарбаев - өзгерістер уақытындағы аласапыранды ұлт тарихындағы ұлы белеске айналдыра алған адам. Назарбаев өзгерістер уақытында өмір сүріп қана қойған жоқ, Назарбаев жаңа мемлекет құруды өзгерістер уақытында бастады. «Кеңес империясының құландыларында пайда болған жаңа мемлекеттер басшыларының арасында бұлғақ кезеңінің сынына шыдас бергендер аз болғанын бәріміз білеміз. Талайлардың сол салмақтан белі қайысып кетті. Бұрынғы державаның аумағында өңірлік және азамат соғыстарының өрті бұрқ ете қалды, қақтығыстар орын алды, экономика мен мәдениеттің күрт құлдырауы басталды. Жаппай жұмыссыздық, өндірістің тұралауы, қайыршылық кеше ғана қалыпты өмір сүріп жатқан мың-мыңдаған адамдардың өмірін тас-талқан етіп, күнкөріс үшін азапты күреске айналдырды. Мұның бәрі негізінен әміршілердің саяси сығырлығының, дәрменсіздігінің, ерік күші кемдігінің және біліксіздігінің тікелей салдарынан болып еді» дейді авторлар. Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітапта дәл осы жайларды алдымен басын аша айтып алу керек. Өйткені, Назарбаев мемлекет құруды сан ғасыр бойы империя болып келген Ресейдің жерінде, сонау 1945 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болып келген, өнеркәсібі өркендеген Украина мен Белоруссияның жерінде немесе соңғы хандығы ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында ғана құлатылған Өзбекстанның жерінде бастаған жоқ. Назарбаев мемлекет құруды сол мемлекеттің атын иеленетін ұлт сол елдегі халықтың 40 пайызына да жетпейтін жерде бастады. Бұл шын мәнінде, қиямет-қайым іс болатын. Осының бәріне бір адамның қалай шыдағанына, осының бәрін бір адамның қалай атқара алғанына тіпті ақыл жетпестей. Бірақ, дәл солай болды. Ол бәрін де жасады. Елді тыныштандырды. Жүйені ауыстыруға кірісті. Нарықты енгізді. Сырттан инвестиция сүйрелеп, іштен жекешелендіру жүргізіп, тұралап қалған өндіріске жан бітірді. Өтпелі кезеңдегі қиындықтардан есеңгірей жаздаған халықтың есін жиғызды. Аяғынан тұрғызды. Елдің еңсесін көтерді. Көп тілді, көп дінді елді бір ділді елге айналдыра алды. Мемлекеттің шекарасын шегендеді. Таспен емес, доспен шегендеді. Өз қолына өзі түсіп тұрған алапат қарудан - атом бомбасынан өзі бас тартып, аждаһаның аранына өз қолымен құм құйды, сөйтіп, адамзат тарихында жалпы қарудан бас тартқан бірінші басшыға айналды, өзінің елін жаһандық ядролық қауіпсіздікке нақты бет бұрған тұңғыш елге айналдырды, бүкіл әлемге үйренерлік үздік үлгі көрсетті. Қазақстанды тұңғыш рет азиялық мемлекет, тұңғыш рет ТМД мемлекеті, тұңғыш рет халқының негізгі бөлігі мұсылман дінін ұстанатын мемлекет, тұңғыш рет түркітілдес ұлт ұйыстырып отырған мемлекет Еуропаға төбе би болатындай - ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететіндей жағдайға жеткізді. Елдің етектегі басын төрге жеткізді. Елін әлемдік қаржы дағдарысының қыспағынан бір рет емес, екі рет емес, үш рет алып шықты.
Кітапта осының бәрінің бастауы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғұмырының о бастан ғибраттылығында жатқандығы келісті көрсетілген.
Ғұмыр
«Бұл серия кітаптарының өзіндік беті қалыптасқан, бәрі де өмірбаяндық деректерді жолымен, жөнімен, қисынымен келтіре отырып, өнегені алға тартады», дедік жоғарыда. Мұнда да солай, әрине. Кітап кейіпкердің балалық шағын баяндаудан, өскен ортасын әңгімелеуден басталады. Әжесі Мырзабаланың немересіне Нұрсұлтан деп нұрлы да сырлы ат қоюы, ата-анасы Әбіш пен Әлжанның жан жарастығы, өмір бойы қажымай-талмай еңбек етуі, қара танымаған Әбіштің сан түрлі жеміс ағаштарын будандастырып, бір бұтаққа алма, бір бұтаққа алмұрт өсіріп қоятын қасиеті, Нұрсұлтан Әбішұлының өзі «кесек-кесек кесіп сөйлейтін, тіліп айтатын адам еді» деп еске алатын анасы Әлжанның асыл қасиеттері тамаша ашылған.
Кітап тарауларының атауларының өзі шымыр да жұмыр. «Алатау» деп аталған алғашқы тарау «Родом из детства», «Истоки», «Дом», «Незабываемое», «Ушконыр», «Школа», «Выпускной класс» деген сияқты шағын тараушалармен ілгері ұмтылдырып отырады. Біз бұл кітапта авторлардың өзімізге жақсы белгілі деректерді талай тұста әңгімелейтініне түсіністікпен қарауға тиіспіз. Өйткені, «ЖЗЛ» сериясы ең алдымен бері қойғанда ТМД кеңістігіндегі оқырмандарға, әрірек барғанда дүние жүзіндегі белгілі дүкендер, кітапханалар арқылы әлем оқырмандарына тарайтынын есте ұстау жөн. Кітап тек орыс тілінде жарияланғанның өзінде де солай болады. Ал оның кейіннен (бәлкім, толықтырылған, жаңартылған нұсқасы) өзге тілдерге де аударылатынына сенеміз. Біз осы мақаланы жаза отырып «Молодая гвардия» ашық акционерлік қоғамының бас директоры В.Ф.Юркинмен телефон арқылы тілдескен болатынбыз. Сонда Валентин Федорович: «Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын жарыққа шығару біздің баспамыз үшін үлкен мерей. Мен ол кісімен «Без правых и левых» деп аталатын алғашқы кітабы шыққан кезден бері таныспын. Онда Нұрсұлтан Әбішұлы ел ыдырап жатқан тұстағы жаппай берекесіздік пен қатерлі құбылулар кезінде әділеттен таймайтын, таңданарлықтай реалистік позициясын негіздеген болатын. Жаңа кітапта Нұрсұлтан Әбішұлының бөлекше өмір жолы мен Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға бағытталған ауқымды мемлекеттік қызметі, оның сыртқы саясаттағы барша жұрт мойындаған табыстары тыңғылықты әрі толық ашылған. Біз бұл басылымды АҚШ Конгресінің кітапханасына, сондай-ақ, Ұлыбританияның, Германияның, Италияның, Испанияның, басқа да елдердің танымал кітапханаларына жібереміз. Әрине, Ресей мен ТМД елдерінің кітапханалары, сондай-ақ, орталық газеттер, журналдар, телевидение мұндай маңызды басылыммен бірінші кезекте қамтамасыз етілетін болады», деді.
Күрес
Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл өмір жолын бір-ақ сөзбен сипаттауға тура келсе, ол сөз осы сөз. Күрес. «Қалай десек те, есімде қалған ең әуелгі әсерлерімді, бәлкім, Алатау жоталарының ғажайып сұлулығын суреттеуден бастағаным жөн болар еді. Әйтсе де, басқа бір сезім - ұдайы ашқұрсақ жүруім санамда күштірек жатталып қалыпты», деп өзі айтқанындай, соғыстан кейінгі, әсіресе, өзі ересек тартқан елуінші жылдардағы күнкөріс үшін күрес. Мектепті күміс медальмен бітіре тұрып (артық қылам деп тыртық қылып алған ауыл мұғалімінің «көмегімен» алтын медальдан қағылғаны біздің оқырмандарға белгілі) тамыр-таныстықтың, жең ұшынан жалғасудың кесірінен 1 балл жетіспей университетке түсе алмай қалғаннан кейін өзін-өзі көрсету үшін күрес. Желкілдеген жас жігіт күнінде жер түбіндегі Днепродзержинскіге жетіп, жетпіс жеті атасы кәсіп етіп көрмеген металлург мамандығының жалына жармасқанында «Қазақтар босбелбеу екен, қиындыққа шыдамайды екен» деген қаңқу сөзге қалдырмау үшін ұлттық намыс жолындағы күрес. Магниткада от-жалынның ортасында жарқылдап жүрген жерінен сыртынан тон пішіп, «аппаратчик» ете қойғысы келген қалком хатшысымен әділдік үшін күрес. Туған комбинатының көсегесін көгертуді ойлап, жанайқайын сонау Мәскеуге жеткізген, Сусловтай сұңғыла саясаткердің алдында сөзін өткізген, Үкіметке Кармет бойынша арнаулы қаулы қабылдайтын еткізген, ақыры Теміртауды түлеткізген күрес. Орталық Комитет хатшысы, Үкімет басшысы қызметтерінде көзбояушылыққа, асырып жазушылыққа, жауырды жаба тоқушылыққа қарсы күрес. Желтоқсан оқиғасынан кейін бүкіл халықтың атына қара күйе жақпақ болған, тұтас ұлтқа ұлтшылдық таңбасын таңбақ болған қаулының күшін жою жолындағы күрес. Абай туған, Мұхтар туған өлкеде қырық жыл бойы Жер-ананы тітіретіп тұрған сынақ полигонын жабу жолындағы күрес. Бұл нартәуекелдің ісі еді. Кітапта Президент Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековтің: «Аса қуатты Одақтық орталықты арқа тұтып тұрғандарға қарсы шығу үшін адамға қаншалықты ерлік қажет еді десеңізші?! Одақ құрамындағы ең ірі республикалардың бірінің басшысы, басқасын былай қойғанда, ет пен сүйектен жаралған, отбасы, бала-шағасы, жақындары мен достары бар адам екенін де ұмытуға болмайды... Әскерилерге мінез көрсету арқылы оның қызмет мансабына да, өзінің жеке өміріне де қаншалықты бәлекет тілеп алуы мүмкін екенін шамалау қиын емес... Сол тұста КСРО-да билік құрып тұрған коммунистік партияның күшін білетіндер мұндай қадамдардың қаншалықты қиындыққа толы екенін де жақсы түсінеді» (243-244-беттер) деген сөздері орынды келтірілген.
Күрес, күрес... Тіпті ажал аждаһасының аузын жауып, қазақ жерін қатерлі қарудан тазартар тұста да Назарбаев атомның аласталғанына, қарудан құтылғанына қуанып қоя салған жоқ, сол қарудан бас тарту арқылы өз елінің аумақтық тұтастығына, қауіпсіздігіне әлемдегі ядролық державалардың тарапынан сенімді кепілдік алу үшін күресті. Авторлар былай дейді: «Мемхатшы Кристофер салған беттен Назарбаевқа Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қол қоюды ұсынды, оның орнына 140 миллион долларлық экономикалық көмек көрсетілетінін және ол қару құрылғыларын бөлшектеу үшін Нанн-Лугар бағдарламасы бойынша 85 миллион долларлық алғашқы транш бөлінетінін айтты. Алайда, таңданарлығы сол, Қазақстан Президенті құжатқа қол қоюдан бас тартты. Ол мемхатшыны әлем картасының алдына алып келді де, өзінің республикасының жан-жағында тұрған Ресейді, Қытайды және Иранды көрсетіп, Қазақстанға бәрінен бұрын қауіпсіздік кепілдігі керек екенін қадап айтты. Оның үстіне, Назарбаев мұндай құжатқа тек ең жоғары деңгейде - АҚШ Президентімен ғана қол қоятынын нақпа-нақ аңғартты. Уоррен Кристофердің барлық уәждері мен қолданған амалдарын Назарбаев кері серпіп тастап, айтқанынан қайтпады. Мемлекеттік хатшының оның сөзінің дұрыстығын мойындамауға әдді қалмады. Қарамағындағыларға: «Бұл адам - оңай шағылмайтын жаңғақ» дегенді ғана айтты. «Нью-Йорк таймс» газеті өз елінің мемхатшысының сапары туралы «Бүгін Қазақстан президенті Құрама Штаттармен саясат ойынында жеңіп шықты», деп жазды» (260-бет). Бізге әңгімелеп шыққан «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабында газеттің сол сөзін еске салғанымызда Президент бұл жайында: «Сендер, журналистер, сондай әсерлі сөздерге құмарсыңдар ғой. АҚШ-тай елді саясатта жеңіп жату ойымызда да болған жоқ, біздің бар ойлағанымыз мың өліп, мың тірілген халқымыздың тыныш, қауіпсіз өмірін қамтамасыз етудің жайы ғана еді» (323-бет) деп қана қойған-ды. Қысқасы, Назарбаев атом қаруын құрдан-құр беріп қойған жоқ, оны сол арқылы елінің таңы тыныш атуына, кеші бейбіт батуына кепілдік алатынына сенімді болғанда ғана берді. Бүгінде Қазақстан ядролық қауіпсіздік жолындағы әлемдік қозғалыстың толық мойындалған көшбасшысы.
Тіресу
«Өмірбаян өрілуде» деп аталады серия. Сол өріліп жатқан өмірбаянның әр өрнегінде дерлік күресу де бар, тіресу де бар. Назарбаев өмірінің барша драматизмі кітапта жақсы ашылған. Бір ғана теңгені енгізудің хикаясын алайықшы. Мұнда күресумен, тіресумен бірге тіпті арбасу да бар дей аламыз. Арбасу емей немене, егер екі ел ірге ажыратқан тұста теріскейдегі көршіміз бізге біраз уақыт бойы «рубль аймағында бола бересіздер» деп сендіріп келіп, аяқ астынан ақшасын ауыстыра қойса, ескі үлгідегі рубль банкноттарын Қазақстанға вагон-вагонымен тоғыта бастаса, әуежайларда, темір жол вокзалдарында әлгі жүктерді ұстап қалуға тиісті милиция бригадаларын қоюға тура келсе, арбасу емей немене, Ресей басшылығы үкімет басшысының орынбасары арқылы Қазақстанның рубль аймағында қала алмайтынын естірткен кезде өкініш білдірген түр танытқан Назарбаев іс жүзінде содан талай ай бұрын ұлттық валюта енгізуге дайындық жөнінде құпия жарлыққа қол қойған болса, елдің Монета сарайын жасақтауға жасырын кіріссе, болашақ банкноттардың дизайнын бекітіп, оны Англияда жасата бастаса, оны басуға 7 миллион доллар ақша тауып, ол ақшаның 60 пайызын Ил-76 ұшағымен Қазақстанға таси бастаса, тіпті облыс әкімдерін де «Бұл жүк Президент Резиденциясына арналған жиһаз-жабдықтар» деп алдауға тура келсе... Осының бәріне қаншалықты ақыл, қаншалықты айла, қаншалықты салқын сабыр керек десеңізші! Жаңағы құпия операцияларға қатысты адамдардың біреуінің болмаса біреуі ғана бір адамға тіс жарса-ақ «Ортақ экономикалық кеңістікті жақтаймыз деп жүрген Назарбаевтың Кремльді алдап соғуға астыртын әрекет етіп жатқаны» жөнінде әңгіме дүркірей жөнелетін еді.
Мұхиттың ар жағынан келе сала қайта туған пайғамбардай пір тұтылған Солженицыннің «Ресейдің көсегесін қайтсек көгертеміз?» атты сала құлаш трактатындағы қазақтар малының тұяғы тиген жердің бәрін өздеріне меншіктей берген деп көкуінен кейін кешегі күнді көксеген кейбіреулердің ел теріскейіндегі облыстарға дау айта бастағаны да есте. Сол тұста Назарбаев Горбачев пен Ельцинге бұл сөздер Қазақстанда орынды алаңдаушылық туғызып отырғанын, баршаға бірдей келеңсіз жайларға соқтыруы мүмкін екенін ескерткені, артынша вице-президент А.Руцкой бастаған ресейлік саясаткерлер делегациясы Алматыға келіп, Ресейдің Қазақстан территориясына байланысты талап қоюы мүмкін еместігі жөнінде екіжақты келісімге қол қоюы - айтуға оңай.
ГКЧП бүлігі кезінде жер жүзіне жария етілген мына бір жайдан оқырмандарымыздың хабардар болғанын қалаймыз. «Кейіннен қазақстандық тарихшылар көп адам біле қоймайтын фактіні атап айтты: 20 тамыздың кешінде АҚШ-та Н.Ә.Назарбаевтың ұстамды позициясы және оның ГКЧП-ны қолдаудан бас тартуы күштердің ара салмағын демократия жағына қарай ойыстырып жібергені жөніндегі ақпарат ресми түрде таратылды» (145-бет), делінген осы кітапта. Бұлар да біздің мақтана айта алатын сөздеріміз. Жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып мемлекеттің аттан аууын бастап берген бұл бүлікті басуда Қазақстан басшысының шешуші рөл атқарғаны жөніндегі ресми ақпарат енді «ЖЗЛ» арқылы ХХ ғасыр шежіресінде өз орнын алатын болады. Рас, неге екені белгісіз, кітап авторлары ГКЧП бүлігіне Горбачевтің, Ельциннің, Назарбаевтың Мәскеу сыртында оңаша кездесуі, онда ел экономикасын реформалауға, мемлекет өмірін демократияландыруға кедергі келтіріп отырған кісілерді орнынан босату, ел үкіметінің басшылығына Назарбаевты қою жөнінде уағдаластық жасалғаны, ол әңгіменің жазып алынып, КГБ басшылығына жеткізілгені себепкер болғаны, содан кейін Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет дегенді құруға дайындық басталғаны туралы бүгінде әбден расталған жайды айналып өтіп кеткен. Бүгінде әбден расталған дейтініміз - бұл жөнінде Горбачев та жазды, Ельцин де жазды, Назарбаев та жазды, басқалар да жазды.
Жаһандық геосаяси аса ірі оқиғаға айналған КСРО ыдырауының себептері көп. Сол көп себептің біреуі - Кеңес Одағы сынды державаның Үкімет басшысы қызметіне қазақ азаматы Нұрсұлтан Назарбаевтың келу мүмкіндігі. Кітапта Горбачевтің бұл жөніндегі: «Жаңа Одақтық шартқа қол қойылардың қарсаңында менің жаңарған Одақтағы үкімет басшысы қызметіне ең лайықты адам Нұрсұлтан Назарбаев бола алар еді деп санағаным тегін емес. 1991 жылдың тамызындағы ГКЧП авантюристерінің қаскүнемдігі менің бұл ойымды жүзеге асыртпай тастады» (155-бет) деген сөзі келтірілген. Иә, империялық сана-сезім мұндайға жол бермеу үшін соңғы тұяқ серпуінше жанталаса қарсыласып бақты. Мұны да біле жүруге тиіспіз. Біз біле жүруге тиісті тағы бір жай мынау. Үш славян республикасы басшыларының Белая Вежадағы оңаша мәмілесінен кейін Орталық Азия республикаларының басшылары Ашғабатта бас қосып, қалыптасқан тосын жағдайды талқылауға мәжбүр болған еді. Сол тұста КСРО-ның діни белгі бойынша бөліну қаупі де төнген. Нұрсұлтан Назарбаев екі жақты да Алматыға алып келіп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөніндегі декларацияға қол қоюға жеткізді. Авторлардың «Н.Ә.Назарбаев өзін КСРО күйреуінің ең жауапты сәтінде дана да көреген саясаткер ретінде танытты. Шынтуайтында, посткеңестік кеңістіктің Батыс-Шығыс кіндігі бойынша да қақ жарылмауында дәл Қазақстан Президенті шешуші рөл атқарды» (156-бет) деп жазатыны сондықтан.
Тіресу мысалының тағы бірі - тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда биліктің екі тармағының арасындағы қарама-қайшылық. Партиялық диктат жойылғаннан кейін Қазақстанда барша өкімет билігін кеңестер өз қолына алуға кіріскен еді. Егемендіктің елең-алаңында қабылданған жаңа Конституцияның өзінде «Жоғарғы Кеңес» тарауы «Президент» тарауының алдына қойылғаны сол тұстағы парламенттің республикадағы жоғарғы билікке ұмтылуының нақты дәлелі болатын. Ондай қосөкіметтік жағдайда істің берекелі жүруі мүмкін емес еді. Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені бүкілхалықтық талқылауға салып, бүкілхалықтық референдумда жаңа Конституция қабылдау жолымен, елде президенттік билік жүйесін ел халқының мақұлдауымен енгізу арқылы шешті. Осылайша парламенттік қызметтің артық саясилануының да алды оратылды. Президенттік билік институты Қазақстанда жаңа мемлекеттілік құрудың негізіне айналды.
Мақтаныш
«ЖЗЛ» сериясынан Абай, Әуезов, Уәлиханов, Сәтбаев, Сейфуллин, Төреқұлов, Кенесары, Шәкәрім туралы кітаптардың шығуы тарихи-мәдени оқиғалар қатарынан болса, Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітаптың шығуы саяси оқиға. Бұл арқылы біздің Елбасымыздың әлемдік геосаясаттағы орны бұрынғыдан да айшықты ашыла түсті.
Жаңа кітап Нұрсұлтан Назарбаевты бүгінгі заман саясаткерлерінің арасындағы дара ойшыл екенін де тамаша танытады. Елбасымыздың КСРО-ның тарау себептері туралы байсалды саясаткерлермен, талдамашылармен полемикасы да назар аударарлық. Олардың біразы мұның себебін түптеп келгенде қоғамның мемлекет тұрғысынан ойлай алатын бөлігінің асып-сасуы мен іріп-шіруінің тұсында биліктегі төбе топтың рухани және мемлекеттік тұрғыдан сатқындық танытуына әкеліп тірейтін. Назарбаев іс жүзінде «бәрі де әлдеқайда қарапайым әрі әлдеқайда күрделі болды» деп санайды. Ойын нақты дәлелдейді. Ұлттық саясаттағы омақаса құлаудың себептерін Назарбаев басшылықтың теориялық тұрғыдан тұрлаусыздығымен түсіндіреді, теория айналып келгенде істегі әлсіздікке ұрындырды дейді. Авторлар кейіпкер ойын былай жеткізеді: «Ол ХХ ғасырдың аяқ шенінде этностардың жандануы жаһандық ауқымда бой көрсетуі тіпті де тегін емес деп санайды. Бұл жандану, әлемде болып жатқан үдерістердің бәрін қоса келгенде, идеологиямен де, экономикамен де, саясатпен де байланысты. Өткен ғасыр марксизмнің ең іргелі постулаттарының бірі - таптық сананың ұлттық санадан басымдығы жөніндегі ұғымның қателігін көрсетіп берді, деп санайды Назарбаев. Бүгінде отарсыздандыру үдерісінің табиғаты атымен бөлек болғаны және марксистік доктрина пайымдағаннан басқа нәтижелерге әкеліп соқтырғаны басы ашық жай. Марксистердің еуропацентризмі ұлттық үдерістердің мәнін түсінбеуден танылды» (160-бет). «Қысқасы, Н.Ә.Назарбаевтың әділ айтқанындай, «КСРО-ның ыдырауының планетадағы басқа өңірлердегі оқиғалардан айырмашылығы сонда, бұл ыдырау өзінің іргетасы болмаған, қағидатты түрде жаңа мемлекеттердің құрылуына алып келген жоқ, бұл ыдырау терең тарихи тамырлары бар, бір кезде жоғалған мемлекеттіліктің қайта жаңғыруына алып келді. Біз КСРО ыдырауының күрделі, жан-жақты үдерісі ғана жүрген жоқ, сонымен бірге мемлекеттіліктің қалпына келуінің, оның заңды деп танылуының үдерісі де жүрді дей аламыз» (172-бет). Мұндай озық ойларды барша басқа мәселелер бойынша да ойып-ойып ала беруге болады. Елбасымыздың: «Қарапайым адамдар, халықтар қашанда саясаткерлерден гөрі ақылды келеді. Баяғы заманның данагөйлері бекер айтпаған: егер халықты басқарғың келсе, халықтың соңынан ере біл», «Экономика адамның ақылы, ал мәдениет жаны екендігі бұрыннан белгілі. Олардың бірі жетіспей тұрса біздің өміріміз толыққанды бола алмайды», «Дәстүр мен мәдениет - ұлттың генетикалық коды», «Бір-бірімен діндер емес, адамдар мен мемлекеттер қырқысады», «Егер саясаттың негізінде бейбітшілікке және бітімгершілікке шынайы ұмтылыс болса, ондай саясат о баста діттеген жеріне жетеді» деген сөздері осының дәлелі.
Тұңғыш
В.Михайлов пен Т.Мансұров кітабының тағы бір құндылығы - біздің Елбасымыз туралы әлемдегі ең атақты адамдардың айтқандарын орайлы тұста сыналап отыратындығы. Кітапты оқу барысында сіз Назарбаевтың бойына өзі туған жердегі таудың биіктігі мен өзі өскен, жігіт, азамат болып қалыптасқан жердегі даланың кеңдігі қатар қонғанына, Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ойына Шығыстың даналығы мен Батыстың прагматизмі бірдей сіңгеніне, ал өзі екі саяси жүйенің - тоталитаризм мен демократияның, екі экономикалық жүйенің - жоспар мен нарықтың от пен судай шарпысқан шағында шарболаттай шыңдалғанына қайта-қайта көз жеткізесіз. Бүгінгі әлем саясаткерлерінің арасында Назарбаевтың көргенін көре алған адам некен-саяқ. Батысты жақсы білгендері Шығысты жақсы біле алмайды, капитализмді түсінетіндері социализмді сезіне алмайды, жоспар мен нарықты үйлестіре білетін экономистер де сирек, демократияны қолдан қуалап орнатуды жақтайтындар тоталитаризм салған тыртықтардың қандайлық терең екенін ұғына қоймайды, елінде мұсылмандар мен христиандар, иудейлер қатар өмір сүретін мемлекеттер басшылары да көп емес, оған қоса екі тілді бірдей меңгеріп, екі тілде суырыла сөйлеген, екі мәдениеттен бірдей сусындаған адамның артықшылығы да айқын. Мұның бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың бойында да бар, ойында да бар. Ол бір тұлғаға Кешені де, Бүгінді де, Болашақты да тоғыстырып тұр. Қай заман туралы сөйлеуге де, қай қоғам туралы толғануға да, қай адам туралы пікір айтуға да, қай ортада, қай мінберде сөз алуға да құқылы. Біле білсек, осының бәрі елге біткен ерен бақ. «Республика басшысы ретінде ол әлемде болып жатқан үдерістердің мәнін ұғуға және Қазақстанды халықаралық экономика мен әлемдік қоғамдастық өмірі жүйесіне кіріктірудің жалғыз дұрыс жолын таңдауға ерекше тыңғылықтылықпен қарады. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев осынау аса күрделі міндеттің үдесінен абыроймен шыққаны - өз еліне қазіргі әлемде лайықты орын алып бергені баршаға айдан анық» (384-бет) деп жазады авторлар. Бұл орайда кітапта француз тарихшысы Эллен Каррер д'Анкосстың «Н.Ә.Назарбаевтың көшбасшылық феноменінің, саяси ықпалының құпиясы неде?» деген сұраққа жауабы орынды келтірілген: «Нұрсұлтан Назарбаевтың ерік күшінің арқасында ғана екі алыптың - Ресей мен Қытайдың - арасында өзінше, өзіне ғана тән ырғақпен дамып келе жатқан держава пайда бола алды, менің ойымша, ол мемлекет аса қуатты екі өркениеттің - Еуропа мен Азияның қатар өмір сүруі мен одан әрі өзара кірігуінің тамаша түпбейнесі болып табылады. Бұл қуатты елде... жылдар бойы даналық жинаған, сонымен бірге бойы күш-жігерге толы көшбасшы бар» (404-бет).
«Молодая гвардия» баспасының жаңа кітабында баяндалған жайлар Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі шын мәнінде өнегелі өмір екенін даусыз дәлелдейді. Біз Елбасының атына мінгесіп біраз елге барған адамбыз. Нұрсұлтан Әбішұлының әлемнің ең қуатты, ең бай елдеріне жасаған ресми сапарларынан талай репортаждар жазғанбыз. Президенттің алдына кірудің, жұмыс графигіне қосылудың қиындықтарына қарамастан, үздік-создық болса да бас-аяғы үш жылдың ұзына бойында талай рет сағаттап сұхбат алған кездеріміз көз алдымызда, жадымызда. Сол сапарлардың бәрінде, сол сұхбаттасу сәттерінің бәрінде Елбасының асқан ақылына, барынша білімділігіне, кеңдігіне, шешендігіне, адам таң қаларлықтай мықты жадына қайран қалумен келеміз. Қазақтың қара тіліне соншама жүйріктігіне де, біз қағазға түсіріп берген мәтіндерді жөндеуіне, толықтыруына да, сондай-ақ, кәсіп иесіне көбірек сеніп, «Менің жазғандарымды еркін редакциялай бер» деген кеңдігіне де тәнті болғанбыз. Бізді қойшы, Нұрсұлтан Назарбаевтың феномені әлемдегі ең мықты деген саясаткерлердің өзін мойындатқан. 2010 жылы Тбилисиге арнайы барып, ішкі саясаттың да, сыртқы саясаттың да жілігін шағып, майын ішкен адамдардың бірімен - Грузияның бұрынғы президенті Эдуард Шеварднадземен кеңінен сұхбат құрған болатынбыз. Біздің баратынымызға орай ол кісі әбден-ақ дайындалыпты. «Өзімнің досым, көрнекті саясаткер, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты даңқты мүшелтойымен құттықтаймын!» деп басталатын екі беттік хатын әзірлеп те отыр екен. Хатында Елбасы еңбегіне ерекше баға берген. «Осыны Нұрсұлтан Әбішұлына менен сәлем айтып, жеткізуіңізді сұраймын» деді. Сол арада оқып шығып, «Қарсы болмасаңыз, бұл жазғаныңызды біз газетке жариялайық. Еліміз, Елбасымыз туралы сіздей жаһанға аты мәлім саясаткердің аузынан айтылған баға біз үшін қымбат», дедік. «Қарсы емеспін. Оған қоса былай деп айтайын: Қазақстан - ұлы мемлекет, оны ұлы адам басқарады», деді Эдуард Амвросиевич. «Тура осылай жазайық па?», деп нақтыладық. «Тура осылай жазыңыз», деп нықтады әр сөзін санап сөйлейтін, сезімге сараң саясаткер.
2015 жылы ел мерейін тасытқан оқиғалардың бірі ретінде бағалануға лайықты осы бағалы басылым жайындағы пікірді келер жылға қалдырмай-ақ қояйық деп, оқырманға жақсы жаңалықты тезірек жеткізейік деп, қағазға шұғыл түсірілген осы толғанысымызды сондай сөздің тағы біреуімен түйіндейік. Озық ойлы оқшау ұлттың ұлы перзенті, Нобель сыйлығының лауреаты Шимон Перес айтады: «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев - біздің дәуіріміздің ұлы жасампазы. Қирату оңай, жасау қиын. Оның жасампаздығын шын мәнінде ұлы жасампаздық деуге болады» (13-бет).
В.Михайлов пен Т.Мансұров Ресейдің белгілі саясаткері Юрий Солозобовқа сілтеме жасай отырып, мына бір жайға орынды назар аудартады. Біздіңше, мұны аудармай келтірген жөн: «По-казахски в сочетании «Первый Президент Республики Казахстан» слово «тунгыш» означает нечто другое, чем просто «первый»: «Это «первенец», долгожданный и выстраданный. Так, в самом официальном титуле... прозвучала и воплотилась многовековая мечта казахского народа о независимой государственности на исторической земле предков» (214-бет).
Нұрсұлтан Назарбаев - біздің бірінші Президентіміз емес, ол - біздің Тұңғыш Президентіміз. Тәуелсіз мемлекеттің көзін ашып көрген Тұңғышы. Кейінірек бұл ұғымды сығымдап сыйдырған «Елбасы» сөзі орнықты. 2010 жылы «Егемен Қазақстан» шығарған «Елбасы» жинағындағы алғысөзде біз: «Ел басшысының бәрін Елбасы деуге болмайды. Елбасы - елдің басы. Елдіктің басы. Елдің, елдіктің басында, бастауында тұрған адам. Ел болуды бастап берген, елді орнатып берген адам. Елбасы - Мемлекетқұрушы», деп жазған екенбіз. Елбасы - елдіктің символы. Елбасын асқақтату арқылы біз ел ретінде өзімізді өзіміз асқақтатамыз. Елбасын ардақтау, оның қадір-қасиетін білу дәл қазір қай кездегіден де маңызды. Назарбаевтың атына айтылған сөздің бәрін Нұрсұлтан Әбішұлының жеке өзіне тиесілі көру - күрделі мәселенің бетінен қалқу. Назарбаев ешкімнің де мадақтауына, мақтауына мұқтаж емес. Бұл адамның ұғымдардың басқа категориясына ауысқанына да, әлемдік орбитаға көтеріліп кеткеніне де талай жылдың жүзі болды. Біздің Елбасымыз бүгінде жаһандық деңгейдегі санаулы саңлақ саясаткерлердің бірі. Назарбаевтың бағасын қазірдің өзінде тарих беріп үлгерді. Мәселе басқада. «Мүсіреповті мақтағанымыз - Мүсіреповпен мақтанғанымыз» деп Зейнолла Қабдолов айтқандай, Елбасын мақтау - еліміз үшін мақтану. Еліміздің, өзіміздің қадірімізге жету. Айтқанбыз, тағы да айтамыз: «Президент туралы сөз Елбасының өзінен бұрын елдің өзіне көбірек керек. Келешегіміз үшін керек. Қадым заманнан қағанын қадірлеп, ханын қасиет тұтқан елдің болашақта да биліктің бағасын білетін, халықтың өзі сайлап, екі тізгін, бір шылбырды қолға берген адамын қалтқысыз құрметтеу, ел басшысына тақ тұру дәстүрі орныға түсуі үшін керек. Басшысына тақ тұратын ел - басына бақ тұратын ел».
Әлемдік кітап шығару жүйесіндегі ең мықты баспалардың бірінің - «Молодая гвардияның» басты брендіне айналған «Жизнь замечательных людей» сериясымен жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев» кітабы бізді басымыздағы бақты бағалауға шақыратындығымен де құнды. Ғұмырнама ғибраттары бізді ұлттық мақтаныш сезіміне бөлейді. Осындай перзент тудыра алған елдің, асылын ардақтай алған елдің, басшысын бағалай алған елдің ертеңі еңселі болатынына сендіреді.
Жаңа жылымыз жақсылығы көп жыл болсын, еліңізді жаңа жеңістерге жеткізе беріңіз, аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.