Н.Назарбаев үй құрылысы комбинатының жұмысымен танысты (ФОТО)

Бұл - Қазақстанда баламасы жоқ өндіріс. Сегіз цехы бар зауыт ірі панельді және каркас құрастыру құрылысына арналған темірбетонды өнімдердің барлық түрін шығарады.
Астананың индустрияландыру паркінде орналасқан үй құрылысы комбинаты 15 гектар жерге орналасқан және Австрия мен Германияда өндірілген жоғары технологиялы құрылғылармен қамтылып отыр. Зауыт жылына 250 мың шаршы метр құрылыс нысандарын қажетті өніммен қамтамасыз ете алатын қуатқа ие. Комбинат сондай-ақ жылына 130 000 текше метр темір бетон өнімдерін шығара алады.
Үй құрылысы комбинаты «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен салынған.
Үй құрылысы комбинатының әлеуметтік маңызы туралы да айта кеткен жөн. Себебі, зауыт толық қуаттылықта жұмыс істесе, шамамен 1200 адамды жұмыспен қамти алады. Ең бастысы, «GLB» ЖШС үй құрылыс комбинаты «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында салынатын үйлердің құрылысын тиісті материалмен қамтымақ.
«Қазір зауытта 483 адам жұмыс iстейдi. Бұл бірегей зауыт, себебi тұрғын үйдiң 85 пайызы зауытта жасалады. Инженерия тарту, қасбет әрлеу, терезе орнату барлығы қамтылғандықтан үй қысқа мерзiмде салынады. Яғни, құрылыс мерзiмi 1,5 жылдан 6 айға дейiн қысқарады. Яғни, жарты жылда орташа 16 қабатты үй толығымен дайын болады. Зауыттың ерекшелiгi, бұнда автоматтандырылған жүйе пайдаланылады. Болашақта бiз кез келген құрылыс түрiне, кез келген тапсырысқа икемдi боламыз»,-дейді «GLB» ЖШС Бас директоры Жанна Бектемiрова.
Директордың хабарлауынша, зауытты салуға 30 млрд 600 млн теңге жұмсалған. Баса айта кетерлігі, Астанадағы бұл үй құрылыс комбинаты әлемнiң үздiк комбинаттарының бестiгiне кiредi екен.
Фото: Дәурен Мұхамеджан