Н. Назарбаев Жапония тарапымен ынтымақтастықта өте маңызды салаларды атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэмен келіссөздерден кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапония тарапымен сирек кездесетін металдарды барлау, атом энергетикасы, банк секторы, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік саласындағы ынтымақтастық өте маңызды екенін атады.
None
None

«Сіздің Премьер-Министр болғаннан бергі бұл біздің төртінші кездесуіміз. Әр кездесуде екі елдің арасындағы диалогқа әруақытта ашықпыз деп, қарым-қатынасты жақындатамыз деп келіскен болатынбыз. Сол кездесулер барысында мен сізді шақырдым және осы сапарыңыз Қазақстан үшін үлкен оқиға. Біздің жан-жақты қарым-қатынасымыз тұрғысында еліміз үшін Жапониямен қатынастарды дамыту үлкен басымдық болып саналады. Тәуелсіздігіміздің бірінші күнінен бастап Жапония мен Қазақстанның арасындағы қарым-қатынастарды жақсарту, екі елдің экономикасын жақындастыру үшін күш салып келеміз», - деп тоқталды Елбасы.

Осы орайда Президент бүгінде бірқатар шаралар жүзеге асырылғанын атап өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде Жапония тарапының, әсіресе ядролық сынақтардан зардап шеккен Семей өңіріне көрсеткен көмегі үшін үлкен алғысын жеткізді. Бұл тұрғыда Н. Назарбаев тек ресми көмек бағытында Қазақстанға 1,2 млрд. доллар көлемінде қолдау жасағанын еске салып өтті.

«Біз болашақта осындай қарым-қатынасты тереңдетуге мүдделіміз. Екі елдің арасындағы қатынастардың ең басты мәселесі - ол сауда-саттық болып саналады», - деді Президент.

«Біздің елдердің бірін-бірі толықтырып тұратын мүмкіндіктері өзара іс-қимылдар көкжиегін әрі қарай кеңейтуге ықпал етеді. Олар атом энергетикасын, ауыл шаруашылығын, автомобиль жасау, жоғары технологиялар саласын қамтиды», - деді Президент.

Келіссөздер барысында жапондық ірі компаниялардың басшылары қатысып, олар өз кезегінде Қазақстанда жұмыс істеуге даяр екенін мәлімдеді. «Біздің ойымызша, сирек кездесетін металдарды барлау, атом энергетикасы, банк секторы, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік саласындағы ынтымақтастық өте маңызды», - деді Елбасы.

Сонымен Н. Назарбаев Қазақстанда бүгінде өте маңызды институционалдық реформалар жүріп жатқандығын, индустриялық саясат пен инфрақұрылымдық жобалар бойынша үлкен жұмыстар іске асырылып жатқандығын атап өтті. Осы орайда Тынық мұхиты елдерінің біздің өңірмен, сондай-ақ Еуропамен байланысын күшейту шаралары атқарылып отырғандығын жеткізді. «Бұл жолдарды жапондық бизнес те пайдалана алады», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар