Н.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан қол жеткізген тамаша жетістіктер тарихқа алтын әріптермен жазылады - Кувейт Елшісі

Осы ретте ҚазАқпарат тілшісі Кувейт мемлекетінің Қазақстандағы Елшілігі ғимаратының ашылуы қарсаңында Төтенше және Өкілетті Елші Тарек Абдулла әл-Фараджға жолығып, қазақстандық-кувейттік қарым-қатынастың даму болашағы жайында сұхбаттасқан болатын.
- Елші мырза, Сіз Қазақстан мен Кувейттің қазіргі серіктестік деңгейін қалай бағалар едіңіз?
- Ең алдымен, Сіздердің агенттіктеріңіз арқылы елдеріңіздің көреген басшысына деген өзімнің зор құрметімді білдіргім келеді. Ұлт көшбасшысының арқасында Қазақстан Республикасы қол жеткізген тамаша жетістіктері тарихта алтын әріптермен жазылады әрі Қазақстанды әлемнің көрнекті мемлекеттерінің біріне айналдырған басшылығы мәңгі сақталады. Сонымен қатар біздерге өзінің қонақжайлығын көрсетіп, бүкіл әлемге төзімділік пен өзара сыйластықта үлгі-өнеге көрсететін Қазақстанның ұлы да, мейірбан халқына ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстан халқы - көпұлтты, сұлу. Мен барша Қазақстан халқына өзімнің зор құрметім мен ізетімді білдіремін.
Біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынас 1993 жылы орнатылды және 1997 жылы Ұлы мәртебелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Кувейт мемлекетіне ресми сапары орын алғанға дейін баяу қарқынмен дамыды. Елбасының бұл сапары екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін берді. Сапар барысында бірқатар келісімге қол қойылды, Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-кувейттік үкіметаралық комиссия құрылды. Ол 2008 жылдан бастап өз отырыстарын өткізе бастады. Бұл комиссия Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімді жүзеге асырды. Айтпақшы, Қосарланған салық салудан жалтару туралы келісім жобасына қатысты келіссөздер аяқталып, таяу аралықта қол қойылатын болады.
Сонымен қатар Кувейт Қазақстанға қазіргі Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғимаратын салуға грант беріп, Арал маңын сумен жабдықтау жобасы үшін несие ұсынды. Қызылорда облысының Арал мен Қазалы аудандарын сумен жабдықтау, санитария және денсаулық сақтау салаларын жақсарту жобаларын қаржыландырды.
Мұнан бөлек, біздің елдеріміз түрлі деңгейде сапарлар алмасып, нәтижесінде қарым-қатынастарды одан әрі дамыту үшін екі мемлекетте де елшілік ашылды.
- Сіздіңше, Қазақстан мен Кувейттің саяси, сауда-экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастығының даму әлеуеті қандай?
- Кувейт пен Қазақстан арасындағы саяси қарым-қантынастың жоғары деңгейде екенін, оның екі елдің басшылығымен нығая түскенін баса атап өткім келеді. Әсіресе, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Кувейтке мемлекеттік сапарынан кейін ол нығая түсті. Екі елдің арасында саяси келіссөздер өткізіліп, оның барысында Кувейт мемлекеті Қазақстаннан өзінің 2018-2019 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне мүшелікке кандидатурасын қолдауды өтінді. Өз кезегінде Қазақстан Кувейт мемлекетінен өзінің 2017-2018 жылдар кезеңіндегі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдауды сұрады.
Сауда-экономикалық қарым-қатынасқа қатысты айтар болсам, ол қазіргі уақытта орташа деңгейде. Айта кетерлігі, 1999 жылы екі елдің арасында Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Осы орайда бұл байланыстарды дамыту, барынша сапалы жаңа деңгейге көтеру үшін бар күш-жігерімді жұмсауға ниетті екенімді баса айтқым келеді.
Біздің елдеріміз өзара тиімді экономикалық және инвестициялық жобаларға қатыса алады, ол үшін зор мүмкіндіктер бар. Өйткені, Қазақстан мол табиғи ресурстары мен инвестиция үшін сан алуан мүмкіншілігі бар үлкен ел. Бұған қоса, Қазақстан тәуелсіз қорлар, оның ішінде Ұлттық қор активтері бойынша әлемнің жетекші елдерінің бірі саналады. Американдық рейтингтік агенттіктердің бағалауына сәйкес, ағымдағы жылы Қазақстан аталған салаларда Кувейтпен бірге әлемнің үздік 20 елінің негізгі бестігіне кіріп отыр.
- Қазақстандағы Елші ретіндегі қызметіңізді неден бастадыңыз және неге қол жеткізгіңіз келеді? - Астанадағы менің алғашқы ресми кездесуім Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде өтті. Мен араб тіліне жетік, шығанақ елдеріне танымал Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинге өзімнің сенім грамотамның көшірмесін табыстадым. Ол мен өте жақсы, жылы қабылдады. Бұл кездесу менің есімде жақсы сақталып қалды. Өйткені, мен Астанаға өте суық кезде, қаңтар айында келген едім
Ал алдағы жоспарларыма қатысты айтар болсам, мен Кувейт пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өз септігімді тигізгім келеді. Елдеріміз арасында ынтымақтастықты жандандыруға боларлық сауда және инвестициялық бағыттар өте көп екендігіне сенімдімін. Сонымен қатар екі елдің арасындағы мәдени байланыстарды да жандандыра түскім келеді.
- Сұхбатыңызға рахмет!