Н.Назарбаевтың қатысуымен Қарағандыда авиация зауытының ашылуы болды

Құны 1,6 млрд. теңге тұратын аймақтағы осы жоба үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Қазақстанда Қазан қаласындағы ресейлік әріптестердің көмегімен мамандандырылған ауыл шаруашылығы ұшақтарын шығару жолға қойылды.
«Осы жобаны жүзеге асыруға «ҚазАгроҚаржы» АҚ «ҚазАвиаСпектр» ЖШС-ға 846 млн. теңге мөлшерінде несие берді. Бұдан басқа жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қолдауға ие болды - инфрақұрылым құрылысына 202 млн. теңге қаржы бөлінді», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Авиазауыт алқаптарды химикаттармен өңдеуге арналған «Фермер-2» және «Фермер-500» түріндегі ұшақтарды шығаратын болады. Авиамашиналар полимерлі-композиттік материалдардан жасалады, бұл оның жеңіл болуына септігін тигізеді. «Олардың салмағы - 960 килограмды құрайды, жылдамдығы - сағатына 200 шақырым. Авиакөлік бір ұшқанда 30-дан 180 гектарға дейін алқапты өңдей алады», - деп атап өтті конструкторлар.
Өңдірістің қуаттылығы жылына 36 ұшақты құрайды.
Жоспардың келесі кезеңі сатысында отандық конструкторлық бюроны құру көзделген. «Келесі жылдан бастап жылдамдығы сағатына 1500 шақырымды құрайтын аэрофототүсірілімдерге, мұнай құбырларын торуылдауға, іскерлік ұшуларға пайдаланылатын төрт орындық «Сұңқар» ұшақтарын шығаруды бастау жоспарлануда. Сонымен қатар, шағын кеме, байдарка, жанармай құятын сыйымдылық және басқа да өнімдер шығару белгіленіп отыр», деп жоспарларымен бөлісті компания өкілдері.