Н.Ноғаев Орал қаласындағы апатты үйлерді жоюға уәде берді

Н.Ноғаевтың айтуынша, өткен жылы Батыс Қазақстан облысында 2 үй құрылысы комбинаты өз жұмысын бастап, бүгінгі күні өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Комбинаттар салынатын үйлердің, әлеуметтік салада салынатын нысандардың құрылыс мерзімін айтарлықтай азайтады.
«Осы комбинаттардың арқасында біз Орал қаласындағы апатты жағдайдағы үйлерді жоймақпыз. Ол жобаға сәйкес апатты жағдайдағы үйлерде тұрып жатқан адамдарды уақытша баспанаға қоныстандырамыз. Ал апатты үйлерді сүріп тастап, жаңа пәтерлер саламыз. Салынған үйден тұрғындарға пәтер беріп, қалғанын жеке кәсіпкерлер өз қалаулары бойынша нарықта сатады», - деді Н.Ноғаев.
Облыс әкімінің сөзіне қарағанда, көп қабатты тұрғын үйлер мемлекеттік-жеке серіктестік ұстанымдары бойынша салынады. Барлық инфрақұрылым, атап айтқанда, су, газ, электр жүйесі, жол мемлекет қаржысы есебінен тартылады. Ал кәсіпкерлер апатты үйлерде тұратын азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуді өз мойындарына алады.
«Биыл берілген 2 үй құрылысы комбинаты 2 үйдің құрылысын аяқтады»,- деп қосты өңір басшысы.