Н. Нығматулин Беларусьтің Қазақстандағы елшісімен екі елдің ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін талқылай келіп, Қазақстан мен Беларусь елдері әсіресе, Кедендік Одақ аясында етене ынтымақ орнатқан сенімді саяси және экономикалық әріптес екенін сөз етті.
Жүздесушілердің пікірінше, қос мемлекет Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенконың маңызды кездесулері екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға айрықша ықпал етеді.
Мәжіліс қызметіне тоқталған Нұрлан Нығматулин Елбасының «Қазақстан - 2050» Стратегиясын, сондай-ақ, аталған елдер Президенттерінің интеграциялық үрдістер мен стратегиялық келісімдерін заңнамалық қамтамасыз ету жұмыстарына баса назар аударды.
Анатолий Ничкасов Қазақстан Президентінің Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі ауқымды бастамасы барлық интеграциялық үрдістердің дамуына серпін беретінін және Қазақстанның барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын, ал, Елбасының G-глобал сияқты, басқа да ірі жобаларының халықаралық жоғары беделге ие екендігін тілге тиек етті.
Өз кезегінде Мәжіліс Спикері Анатолий Ничкасовты Беларусьтың 2013 жылы ТМД-ға табысты төрағалық етуімен құттықтады.
Жүздесуде Қазақстан мен Беларусь арасындағы парламентаралық өзара іс-қимылды екіжақты деңгейде және ТМД, ЕуразЭҚ, ҰҚШҰ парламентаралық ассамблеясы аясында одан әрі нығайтуға жіті көңіл бөлінді.