Н.Нығматулин Қазақстан Президентіне V сайланымдағы Парламент Мәжілісінің заң шығару жұмысы туралы баяндады

АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинді қабылдады, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметінен.
None
None

Н.Нығматулин Қазақстан Президентіне V сайланымдағы Парламент Мәжілісінің заң шығару жұмысы туралы баяндады. Бұған қоса, Парламенттің төменгі палатасының төрағасы депутаттардың еліміз өңірлері тұрғындарымен кездесулерінің қорытындылары туралы айтты.

Кездесу барысында елдің әлеуметтік-экономикалық орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған заң жобаларын дайындау тақырыбы да қозғалды.

Н.Нығматулин V сайланымдағы Парламент жұмысы кезеңінде 133 заң жобасы қабылданғанын атап өтті. Сенатқа жолданған 84 заң жобасының 63-і бүгінде заңдық күшіне енді. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес, Үкіметпен бірлесіп әлеуметтік жаңғыртуды қамтамасыз ету және «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру мәселелеріне байланысты жұмыс жоспары дайындалды.

Мемлекет басшысы парламентшілердің халықпен кездесуінің маңыздылығына назар аударды.

- Депутаттар еліміздің барлық өңірін аралап шығып, «Қазақстан-2050» Стратегиясын түсіндіру жұмыстарын жүргізді және атқарылған істер туралы айтып берді. Бұл өте маңызды. Биыл бұдан да көп әрі белсенді жұмыстар күтіп тұр, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті заң жобаларын әзірлеу кезінде кешенді талдаудың қажеттігіне назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы талқыланған мәселелер бойынша тиісті тапсырма берді және бірқатар нақты міндет жүктеді.

Соңғы жаңалықтар