Н.Нығматулин Швейцария парламентінің қос палатасының төрағаларымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Женевада өтіп жатқан Парламентаралық Одақтың 130-шы Ассамблеясы аясында Швейцария ұлттық жиналысының төрағасы Руди Люстенбергермен және Федералдық жиналысы кантондар кеңесінің төрағасы Ханнес Германмен кездесті.
None
None

Бұл туралы Мәжіліс аппаратының баспасөз қызметінен хабарлайды. Нұрлан Нығматулин әріптестерін Швейцарияның ЕҚЫҰ-на төрағалығының басталуымен құттықтады. Ол «Әркімнің мүддесі жолында қауіпсіздік қауымдастығын құру» ұранымен өтетін төрағалық аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз екенін атап өтті.

Тараптар қос мемлекеттің барлық сала бойынша қатынас деңгейіне жоғары баға берді. Әрі алдағы уақытта жаңа технологиялар саласында, энергетика, ауылшаруашылығы, көлік, шағын және орта бизнес бағыттары бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге баса назар аударылады.

Айта кетейік, екі елдің сыртқы сауда айналымы 2013 жылы 4,2 млрд. АҚШ долларын құраған.

Сондай-ақ Нұрлан Нығматулин аталмыш ел компанияларын Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырды. Мәжіліс Спикерінің пікірінше, ол Орталық Азияда өз елдерінің замануи технологиялары мен жетістіктерін паш етуге мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы швейцариялық ғалымдар мен зерттеушілердің Назарбаев университеті интеллектуалдық-инновациялық кластерін дамытуға белсене араласып жатқанын назарға алды.

Кездесуге қатысушылар жалпы бейбітшілікті нығайтуға бағытталған ортақ мақсат біріктіретін қазақстандық-швейцариялық парламентаралық ынтымықтастықтың маңызы айрықша екенін жеткізді. Соның нәтижесінде тараптар парламентаралық ұйымдар аясында екі ел парламенттерінің ықпалдастығын тереңдетуге, заңнамалық салада тәжірибе алмасуға және ынтымақтастық жөніндегі топтар арқылы байланыс қарқынын арттыруға уағдаласты.

Соңғы жаңалықтар