Н. Темірбеков: Мақсат - білікті маман даярлау

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің мақсаты (ҚазИТУ) жоғары технологиялар, өңдеу, тамақ өнеркәсібі салаларында, бағдарламалық қамтамасыз етуді жасау, ІТ, экономика, ауылшаруашылығы және т.б. салаларында біліктілігі жоғары мамандар даярлау. Бұл туралы «Ана тілі» ұлт газетіне берген сұхбатында Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Нұрлан Темірбеков айтып берді.
None
None

- Нұрлан Мұқанұлы, Сіз басқарып отырған Қазақстан инженерлік-технологиялық университетіне (ҚазИТУ) 15 жыл толып отыр. Бұл университеттің өзге оқу орындарынан ерекшелігі неде?

- Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті (ҚазИТУ) 2001 жылы жоғары технологиялар, өңдеу, тамақ өнеркәсібі салаларында, бағдарламалық қамтамасыз етуді жасау, ІТ, экономика, ауылшаруашылығы және т.б. салаларында біліктілігі жоғары мамандар даярлау мақсатында құрылған болатын.

Мемлекетіміздің экономикасының негізі - орта және шағын бизнес. Алматы қаласында 42 университет бар болғанымен, оның ішінде орта және шағын бизнеске маман дайындайтын жоғары оқу орындары санаулы ғана. Азық-түлік технологияларын оқытатын оқу орны екеу-ақ. Оның бірі - ҚазИТУ. Университетімізде азық-түлік тағамдары технологиясы, өңдеу өндірістерінің технологиясы, биотехнология, органикалық заттардың химиялық технологиясы, технологиялық машиналар мен жабдықтар, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, автоматтандыру және басқару, қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі, стандарттау, сертификаттау және метрология, топырақтану және агрохимия, жеміс-көкөніс шаруашылығы, туризм, әлеуметтік мәдени сервис және т.б. жалпы саны 19, магистратурада - 5, колледжде - 19 мамандық түрін оқытамыз. Мамандықтар жөніндегі ақпаратты университет сайтынан www.kazetu.kz көріп-танысуға болады. Оқу орны Академиялық қалашықта орналасқандықтан маңайымызда 14 ғылыми-зерттеу институты барын да айта кетуіміз керек.

- Қазақ жастары техникалық оқу орындарынан гөрі гуманитарлық саланы таңдап жатады. Олардың техникалық оқу орындарына деген көзқарасын қалай бағалар едіңіз?

- Бізде ақпараттық жүйелер, байланыс, радиотехника және телекоммуникация­лар, радиотехника, электроника және телекоммуникациялар бөлімінде оқитын балалардың 90 пайызы қазақ жастары. Қазір мемлекеттік саясат та осыны қолдап отыр. Техникалық мамандықтарға гранттар көп бөлініп жатыр. Елбасының өзі мән беріп, қолдау көрсетіп отыр. Сондықтан болар бүгінде қазақ жастары техникалық мамандықтарға көп келеді. Қазіргі ата-ана да сауатты. Бұрынғыдай «оқып келсең, диплом алсаң болды» демейді. Баланың ертеңін, болашағын ойлап, мамандықты бірге таңдайды. Бала болашағына жұмсалған қаржының қайтарымы да болуы тиіс, ертеңінде жұмыссыз жүргені кімге тиімді дерсіз.

- Бүгінгі күні өзекті болып отырған мәселенің бірі - білім сапасы. Оған қаншалықты көңіл бөлінеді? Білім сапасының жоғары болуы үшін, студенттің өзін-өзі дамытуы үшін қандай жағдайлар жасалған?

- Оқу орнындағы жастарға сапалы білім беру, қоғамға қажетті маман даярлап шығару - біздің басты мақсатымыз. Бұл тұрғыда айтарым, университетте педагогикалық және ғылыми жұмыста тәжірибелері мол білікті мамандар қызмет атқарады. Бес жылда бір рет болатын аттестациядан жақында университет те, колледж де толықтай өттік. Енді аккредитация­дан өтіп жатырмыз. Оны Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігі (БСҚА) жүргізеді. Бұл өте күрделі процесс, университеттің материалдық базасы, оқытушы-профессорлардың құрамы, оқу порталы, тіпті университеттің сайтына да баға береді.
Биылдан бастап жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында әр кафедрадан кәсіби ғылымға бейімдейтін клубтар ашып жатырмыз. Студенттер университет қабырғасында жүріп-ақ, қолы қалт еткенде өмірді көрген, білікті мамандардың басқаруындағы тәжірибеден өтеді. Бұл қоғамның қажеттілігінен туындап отыр. Бүгін сабағын 5-ке оқыған студент, ертең ұжымға ене алмай, өмірде одан не сұрағанын білмей, бос ауада өмір сүргендей болмауы үшін, студентке қажетті дүниенің бәріне мән беріп, електен өткізіп, олардың қажеттіліктерін өтеуге тырысамыз. Жақында Жастар комитеті есеп беріп, сайлау жиналысын өткізді. Төрағаның орнына 5 үміткер болды. Әрқайсысының өз бағдарламасы бар. Студенттер жабық түрде дауыс беріп, альтернативтік-демократиялық жолмен тағайындалып, өздеріне төраға сайлады. Жастардың өзін-өзі басқаруға деген ұмтылысы, бұл да үлкен жетістік.

- Сіз елге танымал ғалымсыз. Физика-математика ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰИА академигі, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі секілді атақ-дәрежелеріңізден хабардармыз. Білім мен ғылымды өндіріспен ұштастыру, яғни студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі жайында не айтасыз?

- Өндірістік тәжірибе студенттің білімін жетілдіретін тұсы ғой. Білім теория жүзінде берілсе, оны іс жүзінде қолдану студенттің білімін одан әрі молайтып, көкірек көзін ашады. Ұлттық экспертиза және сертификаттау орталығы, Қазақ көкөніс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институ­ты, Қазақ өңдеу және азық-түлік өндірісі ғылыми-зерттеу институты және т.б. институттарда студенттеріміз өндірістік тәжірибеден өтеді. Сондай-ақ «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты, «Нәзік» компаниясы, «Рахат» кондитер фаб­рикасы және тағы басқа көптеген өндіріс орындарымен келісімшарттарымыз бар. Тікелей байланыс жасап отырамыз. «Бізден тәжірибеден өтсін, сосын жұмысқа аламыз» деген ұсыныстар, жұмысқа шақыртулар көп түседі.

- Университет түлектері еңбек нарығында бәсекеге қабілетті ме?

- Әрине. Әлемде болашақта жұмыс беру­шілер тарапынан жоғары жалақы төленіп, қажет болатын 5 мамандық қатарына: азық-түлік технологы, финанс талдаушысы, HR-generalist, яғни персоналмен жұмыс саласындағы тактик және стратег, биохимик-биотехнолог, мобильді қосымшалардың архитекторы жатады. Бұл мамандықтар біздің университетте бар, сондықтан әрқайсысына қысқаша тоқтала кеткенді жөн санап отырмын. Шетелдік инвесторлардың экспансиясының артуы, сауда тораптарының агрокешендік холдингтерінің жаңа жобаларының іске қосылуы азық-түлік тағамдары өндірісін белсенді дамытуына байланысты болашақта технологтар жетіспеушілігін рекрутерлер болжап отыр. Жоғары білімі бар тамақ өнеркәсібі мамандарының жалақысы өте жоғары. Үш жылда лаборанттан бес технологқа немесе жаңа өнімдер жасаушыға дейін өсуге мүмкіндіктері бар.

Қаржы талдаушысына сұраныс банк жүйесінде, ритейлде және өндіріс секторында өте жоғары. Экономика немесе математика мамандығын «қызыл дипломға» бітірген түлектер жоғары бағаланады. Үш жыл еңбек өтілі бар қаржы талдаушылар қажетті маманданудан және сараптамадан өтсе миллион теңгеге жуық жалақы алады. Экономиканың барлық саласында адам ресурстары (HR-generalist) басқару маманы бастапқыда HR-менеджердің ассистенті болып тәжірибе жинақтауы қажет. 3-4 жылдан кейін HR бөлім басшысы немесе штаты шағын компанияның HR-generalist маманы болып шығады. Биотехнолог, биохимик, жаңа мобильді қондырғылардың дамуына байланысты ақпаратты технологиялар (ІТ) саласындағы мамандарға, оның ішінде BigData, Java, Swift, Objective-C, Android, Python жоғары деңгейлі прораммалау тілдерінде бағдарлама жасаушыларға да қажеттілік туындауда.

- Түлектерді жұмыспен қамту мәселесі жолға қойылған ба? Оқуын бітірген жас маман қайда барады, қайда жұмыс істеп жатыр? Белгілі бір мониторинг жасайсыздар ма?

- Түлектермен тығыз қарым-қатынас­тамыз, мониторинг жасалады. Әрқай­сысының өз мамандығына байланысты жұмыстары бар. Біздің университетті бітірген түлектердің 85 пайызы бірден жұмысқа орналасады. Білім ордасы орта және шағын бизнеске мамандар даярлайтындықтан, көпшілігі өздерінің компанияларын ашып, орта бизнеске оңай кірісіп кетеді. Мәселен, Қазақ өңдеу және азық-түлік өндірісі ғылыми-зерттеу институты Нан дайындау өндірісінің технологиясының бөлім меңгерушісі А.Амантаева, осы институттың аға ғылыми қызметкері М.Абдибаева, «Алматы стандарт» ЖШС-ның бас директоры Н.Табынбаев, «БНА» ЖШС-ның бас директоры А.Абдуллаев, «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ бас директоры Р.Исенғұлова, осы орталықтың бас директорының орынбасары И.Мун, Маңғыстау облысындағы «Бейнеу сүт зауыты» ЖШС-ның бас директоры И.Ташев және т.б. көптеген түлектерімізді мақтан етеміз.
Осы жерде айта кетейін, «Түлектер ассоциациясын» құруды қолға алып жатырмыз.

- Шетелдермен байланыстарыңыз қалай?

- Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзиямен қарым-қатынасымыз жақсы. Бұрын француздармен байланыс болған екен, соны қайта жаңғыртпақпыз. Қырғызстан мен Өзбекстанның технологиялары жаман емес, олардың тәжірибелері мол, жақсы ғылыми-зерттеу институттары бар. Қарапайым ғана мейізді алайықшы. Жүзімді кептіріп, одан мейіз жасау - ол да бір технология. Оны өзбектер жасап отыр. Сондықтан осы екі елмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Шетелмен қарым-қатынас жасаудың, өзара тәжірибе алмасудың студенттерімізге берері мол болмақ.

- Білім жүйесіне байланысты өз көзқа­расыңызды білдірсеңіз. Қандай өзекті мәселелер бар?

- Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі - ҰБТ еді. Бұл мәселе де орынды шешімін тапты. Енді ҰБТ-дан қажетті балл жинай алмаған жастың, екі мәрте тест тапсыруға мүмкіндігі бар. Кейде балы жетпей, біз қабылдай алмай, олар өзге елге, Ресейге, Қытайға, Қырғызстанға кететін жағдайлар болған еді. Бұл біздің қаражатымыз өзге елдің білімін инвестициялауға кетіп жатыр деген сөз. Сондықтан министрлік тарапынан бұл мәселенің өз шешімін тапқаны қуантады. Бұл біріншіден, біздің жастарымыздың шетелге кетпеуі үшін жасалған жағдай деп есептеймін. Талантты балалардың шетелге барып оқығанына қарсы емеспіз. Бірақ алғашқы баспалдақты, бакалаврды өзімізде дайындаған жөн.

...Жақында біз қалалық әкімшіліктің қолдауымен Алматыда бірінші рет «Болашақ инженер» атты байқау өткіздік. Оған қаладағы барлық техникалық білім беретін жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Жас маман өндіріске келгенде неден бастауы, кіммін деп баруы, ол ортаға қалай сіңуі керек деген сияқты сұрақтар берілді. Қазір жас маманның ортаға сіңісіп кетуі өзекті проблеманың біріне айналып отыр. Себебі дипломда бұрынғыдай инженер деген сөз жазылмайды, біз дипломды бакалавр немесе магистр деп береміз. Инженер дегеніміз сыртта қалып қояды. Ал өндіріске барса инженер, технолог, программист, т.б. керек. Сол себепті университет бітірсе де, колледж бітірсе де жұмысшы қылып алады екен. Бұл қиын жағдай ғой. Жастардың көпшілігінің өндірісте тұрақтамайтындығы сондықтан. Жас маманға қолдау көрсетсек, жағдайын жасасақ, біздің өндірістік саламыздың дамуына жол ашылар еді. Бұл өткізген байқауымыздан студенттер өздеріне қажетті мәлімет алып, разы болды. Өте жоғары деңгейде өтті. Студенттер де разы, біз де разы. Енді жыл сайын өткізуді дәстүрге енгізсек деген жоспар бар.

Таяуда университетіміздің 2016-2019 жыл­дарға арналған стратегиялық даму жоспары жасалды. Бұл стратегиялық құжат университеттің бақылау кеңесінде талқыланып бекітілді. Бақылау кеңесінің құрамы елі­мізге белгілі қоғам қайраткерлері, білім және ғылым саласының мамандары, жұмыс беру­ші мекемелердің өкілдері, университет маман­дықтарының бағыттары бойын­ша кәсіби мамандардан топтастырылған.

Университет стратегиясының даму бағыт­та­рында патриоттық тәрбиеге үлкен көңіл бөлінген. Біз кәсіби білікті маман ғана емес, азаматтық позициясы бар маман дайындап шығаруымыз қажет. Сондықтан тәрбие құндылықтарына да баса назар аударуға тиіспіз.

Соңғы жаңалықтар