Нью-Йорк, Женева, Берн қалаларында Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні аталып өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров БҰҰ-ның Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні қандай шаралар өтетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Photo: Comprehensive Nuclear-Test-Ban Treaty photo archive

2009 жылғы 29 тамыз – Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып белгіленді.

«1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигоны жабылғаны мәлім. Әлемдегі ең ірі полигонның жабылуы 1996 жылы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қабылдануына жол ашты. Халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні бүкіл әлемде кеңінен аталып өтеді. Осылайша биыл 29 тамызда Нью-Йоркте бұл мәселе бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі пленарлық отырысы өтеді. БҰҰ-ның Вена алаңында ҚР Сыртқы істер министрі мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы басшысының бірлескен мәлімдемесі жарияланады, онда ядролық сынақтар мен ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудің маңыздылығы айтылады», - деді ресми өкіл Сыртқы істер министрлігінің апталық брифингінде.

Одан бөлек, БҰҰ-ның Женевадағы Еуропалық бөлімшесінде, Қазақстанның Берндегі Елшілігінде және әлемнің басқа да қалаларында ядролық сынақтар бойынша арнайы дөңгелек үстелдер мен сарапшылардың талқылауларын өткізу жоспарланған.

Сондай-ақ, 29 тамызда Астанада Орталық Азия мемлекеттерінің дипломаттары мен сарапшыларының қатысуымен ҚР Сыртқы істер министрлігі, «Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығы» және «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқан» (ICAN) үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесіп, «Ядролық қарудың гуманитарлық салдары және Орталық Азия ядролық қарудан азат аймақ» атты өңірлік конференция жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар