Нью-Йоркте Қазақстанның қатысуымен салынған құлдық құрбандарына арналған «Қайту кемесі» ескерткіші ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йорк қаласында БҰҰ штаб-пәтерінде адамзат тарихының ең қайғылы беттерінің бірі - құлдық құрбандарына арналған «Қайту кемесі» («Ark of Return») тұрақты ескерткіші ашылды.
None
None

Ашылу рәсімі 25 наурызда құлдық пен трансатланттық құл саудасының құрбандарын еске алу халықаралық күніне орай ұйымдастырылды.

Қазақстан Африка, Латын Америкасы және Кариб елдерімен ниеттес екенін білдіріп, тұрақты ескерткіштің құрылуын қаржыландыруға өз үлесін қосты, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Ескерткішті құрастыру жұмыстары бірнеше жыл бұрын басталды. 2009 жылы БҰҰ арнайы халықаралық комитетін құрып, ең үздік жобаға конкурс жариялады. 2013 жылы Комитет 83 мемлекеттен келіп түскен 310 жобалар арасынан Гаитиден шыққан американдық сәулетші Родни Леонның жұмысын таңдады.

Тарихта орын алған ең ауқымды мәжбүрлі миграцияның құрбандары - 15 миллионға жуық ерлер, әйелдер мен балаларды еске алу үшін халықаралық қауымдастық сонғы жеті жыл бойы 25 наурызды құлдық және трансатланттық құл саудасының құрбандарын еске алу халықаралық күні ретінде атап өтеді.

Халықаралық күннің биылғы басты тақырыбы - «Әйелдер және құлдық» болып бекітілген. Бұл күні БҰҰ қабырғасында ауыр қиындықтарға қарамастан Африка мәдениетін сақтап, келесі ұрпаққа жеткізген әйелдердің күш-жігері мен батылдығы еске алынды. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун өз жолдауында құл болған әйелдер жанұяларының және қауымдарының абыройын қорғауға басты септігін тигізгенін атап өтті.

«Қайту кемесі» ескерткішінің авторы Родни Леон өзінің шығармашылық еңбегінде құлдар мен құл иеленушілікке қарсы күрескерлердің батырлығын мадақтап бейнеледі. Ескерткіш трансатланттық құл саудасының 400 жылдық тарихын және сауда құрбандары ұрпақтарының әлі күнге дейін көрген зардаптарын көрермендердің есіне салады.

Халықаралық күнге орай Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Бас Ассамблеяның арнайы мерейтойлық отырысы өткізіліп, Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов сөйлеген сөзінде Қазақстанның нәсілдік, этностық, ұлттық және басқа кемсітушілікке кез келген түрде жол бермеу кағидаттарын толықтай қолдайтынын қуаттады.

Соңғы жаңалықтар