Надежда Рябец пен Махмұд Сабырхан әлем кубогының финалында бақ сынайды
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада өтіп жатқан World Boxing аясындағы әлем кубогында бүгін Қазақстан құрамасы сапынан тағы екі боксшы финалға жолдама алды.

Алдымен Надежда Рябец (75 келі) жартылай финалда түркиялық Бусра Исилдармен қолғап түйістірді. Оның қарсыласы - 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері болған тәжірибелі боксшы.
Үш раундтың қорытындысы бойынша отандасымыз түркиялық боксшыны 4:1 есебімен жеңіп, финалға шықты. Одан кейін Махмұд Сабырхан (55 келіде) жартылай финалда Болгария өкілі Ясен Радевқа үш раунд бойы еш мүмкіндік бермеді. Есеп - 5:0.
Ал ел құрамасынан Ертуған Зейнуллинов (65 келі) үндістандық Абхинаш Жамвалға жол беріп, қола медальді қанағат тұтты.
Енді Қазақстан сапынан Сабыржан Аққалықов (75 келі) пен Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.
Айта кетсек, қазірге дейін Алуа Балқыбекова (51 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Назым Қызайбай (48 келі), Виктория Графеева (60 келі), Наталья Богданова (70 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі), Бекзад Нұрдәулетов (85 келі) алтын жүлдені сарапқа салуға мүмкіндік алды.
Бұған дейін қазақстандық қос боксшы Айдана Забынбекова (57 келі) мен Аида Әбікеева (65 келі) елордадағы әлем кубогының қола жүлдесін еншілегенін жазған едік.