Нағыз ұшқыштар тәрізді: Президент Іс Басқармасы балаларға «Бүркіт» авиакомпаниясына экскурсия ұйымдастырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат –Ұшқыш орнына отырып, үлкен әуе кемесін басқаруды армандаған бала көп шығар. Бүгін бір топ бүлдіршіннің осындай арманының орындалуына ҚР Президенті Іс Басқармасы (ПІБ) себепші болды. Атап айтқанда, ПІБ өз қызметкерлерінің балаларына арнап «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында экскурсия ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балалар ұшқыш формасын киіп көріп, әуе компаниясы қызметкерлерінің қызықты оқиғаларын естіп, мемлекетіміздің жоғары лауазымды тұлғалары ұшатын әуе кемелерімен танысты.

Ұшу ангарында «Challenger-850», «ИЛ-76» - екі әуе лайнері және «Eurocopter-225» тікұшағы болды. Экскурсия басталар алдында балаларға қауіпсіздік шарасын сақтаудың маңыздылығы айтылды.

Айта кетейік, «Бүркіт» мемлекеттік әуе компаниясы 2000 жылы 18 мамырда құрылған. Ол аса маңызды рейстерді орындайды. Авиакомпанияның ұшақтары Мемлекет басшысы мен Үкімет мүшелерін тасымалдайды. «Бүркіт» елорда әуежайының аумағында орналасқан.

Кәсіби ұшқыштар жас қонақтарға әуе кемелерін көрсетіп, авиация туралы қызықты мәліметтерімен және естеліктерімен бөлісті. Балаларға пилоттың орнына отырып, жүк ұшағының ішіндегі құрылғыларды ұстап көруге рұқсат етілді. Мұндай мүмкіндік бұйырған балдырғандардың қуанышында шек болмады.

«Биыл біздің елімізде Балалар жылы аталып өтуде. Осыған орай Президент Іс Басқармасымен бірлесе отырып, қызметкерлердің балаларына экскурсия өткізуді жөн көрдік. Меніңше, бұл шара балалар үшін өте қызықты. Қазір Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде ұшқыштар мен авиация саласының мамандары тапшы. Біздің экскурсиядан кейін мектеп оқушылары арасынан осы салаға қызығушылық танытып, болашағын авиациямен байланыстыруды мақсат ететіндер болады деп сенемін», - деді «Бүркіт» әуе компаниясының директоры Еркебұлан Оспанов.

Алдымен оқушылар Қазақстан аумағында және шет мемлекеттерге маңызды үкіметтік рейстерді орындайтын «Challenger-850» ұшағымен танысты.

«Ал «Eurocopter-225» тікұшағымен мемлекетіміздің бірінші басшысы ұшады. Ұшақ қона алмайтын, көлік өте алмайтын елдің кез келген жеріне осы тікұшақпен жетуге болады», - деп түсіндірді инженер Сергей Толченко.

Ал үлкен «ИЛ-76» ұшағы – жүктер мен көліктерді тасымалдауға арналған. Қауіпсіздік инспекциясының бастығы Виктор Тимофеевтің айтуынша, бұл жүк тасымалымен айналасатын ең сенімді ұшақ. Оның қанатының ұзындығын футбол алаңының аумағымен салыстыруға болады. Әуе кемесі кез келген ұшып-қону жолағына, соның ішінде мұз үстіне де қонуға қауқарлы. Пандемия кезінде бұл ұшақ Қытайдан дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтарды тасымалдаған.

Экскурсияға қатысушылар арасында болашақ ұшқыш – Нұрасыл Бақытжан да бар. Ол қазір 6-сыныпта оқиды. Нұрасыл кішкентай кезінен әуе кемелеріне қызығушылық танытып келеді.

«Бала кезімнен ұшқыш болуды армандаймын. Анам «экскурсия болады, онда ұшақтарды көресің» дегенде қатты қуандым. Мен бірден экскурсияға қатысуға ниет білдірдім. Ұшақтар маған қатты ұнайды. Тіпті олардың коллекциясын жинаймын. Ұшқыш болу үшін шыдамдылық, математика және ағылшын тілін білу, ісіңе зейін салу, туындаған мәселелерді жедел шеше білу керек деп ойлаймын», - деді Нұрасыл Бақытжан.

5-сынып оқушысы Ғазиз Серікбай да экскурсиядан алған әсерімен бөлісті. Ол арнайы мақсаттағы жасақта қызмет етуді, сонымен қоса ұшақты басқарып үйренуді армандайды.

«Маған кабина қатты ұнады. Ондағы ең маңызды батырма қандай екенін ілдім. Президенттің өзі ұшқан және түрлі әскери міндеттерді орындай алатын ұшақтың ішінде болдым. Болашақта арнайы жасақтың қызметкері болғым келеді. Себебі оларға пәтер беріледі, көп жалақы алады және жалпы – бұл жақсы жұмыс. Оларда көп зеңбірек пен киімдер бар және олар аса маңызды миссияларды орындауға барады», - деп арманымен бөлісті Ғазиз Серікбай.

Ұшқыш, әуе кемесінің командирі Бейсекен Молдабаев «Бүркіт» әуе компаниясында озық технологиялар қолданылатынын және мұнда ең соңғы үлгідегі заманауи ұшақтар бар екенін атап өтті.

«Біз 100 пайыз ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Өйткені, маңызды мемлекеттік тапсырыстарды орындаймыз. Егер көп авиакомпаниялардың ұшақтары сыртта тұратын болса, біздің ұшақтар әрқашан ангарларда болады. Бұл өз кезегінде техникалық қызмет көрсететін инженерлерге де ыңғайлы. Кішкентай ұлдар өте белсенді. Олар ұшақтың жабдықталуына қызығушылық танытып, батырмалармен жұмыс істеуді қалай үйренуге болатынын сұрады. Экскурсия балалардан бөлек, өзімізге де ұнады. Бәлкім араларында болашақ әріптестеріміз де бар шығар», - дейді Бейсекен Молдабаев.

Танымдық саяхат соңында балаларға авиация тақырыбы бойынша викториналық сұрақтар қойылды. Қонақтар сауалдарды мұқият тыңдап, Президент Іс Басқармасының қызметкерлері дайындаған жүлделерді жеңіп алу үшін бірінші болып жауап беруге тырысты.

Сондай-ақ авиакомпания ұжымы атынан әрбір оқушыға «Бүркіт» атауымен шоколадтар табыс етілді.

Айта кетейік, Президент Іс Басқармасы биылғы Балалар жылы аясында бұдан өзге де шараларды өткізуде. Мәселен, бұған дейін ПІБ қызметкерлері сурет салудан байқау ұйымдастырып, жеңімпаздарға қомақты сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ Ұлттық музей мен АЛЖИР мемориалдық мұражайына саяхат жасап, ерекше күтімді қажет ететін балаларға арнап Бурабайда экскурсия өткізді. Мұндай шараларды ұйымдастыруға ҚР ПІБ Автокөлік басқармасы да белсене қатысады.

Бұған қоса, таяуда Астана қаласында ҚР Президенті Іс Басқармасының кулинарлары мен аспаздары қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына барып, 60 тәрбиеленушіге мерекелік дастархан жайып, байқау мен шеберлік сағатын өткізген еді.


Соңғы жаңалықтар