Нәлібаев сынынан кейін не өзгерді — Көлік министрі жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев вокзалдарды жаңғырту жұмыстарының қарқынын баяндады және Премьер-министрдің бірінші орынбасары айтқан сын-ескертпелерге пікір білдірді.
Кеше Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы қаласына сапарлап, Алматы әуежайы мен вокзалын жаңғырту жұмыстарын сынға алған еді. Үкімет тілшілері салаға жауапты Көлік министрінен мәселенің мән-жайын сұрады.
Министрдің айтуынша, 124 вокзал жаңғырту жұмыстарынан өтіп жатыр. Оның ішінде 30-дан астам вокзал жаңғыртуға жарамсыз болып, толық қиратылды. Яғни, бұл нысандар қайта салынып жатыр.
— Қазіргі уақытта 46 вокзал пайдалануға беруге дайын. Жаздың соңына дейін бұл көрсеткішті 109 вокзалға жеткізуіміз керек. Қалған вокзалдардың кейбірі ауқымды жаңғыртуды талап етеді әрі тарихи-мәдени мұра нысандарына жатады. Сондықтан ол жерлерде жұмыс тәсілі мен мердігер компанияларды таңдау қиынырақ. Нұрлыбек Машбекұлы жұмыс қарқынының баяу екенін айтып, тездетуді тапсырды. Оның тапсырмасына сәйкес, негізгі нысандарды пайдалануға беру мерзімін 1 шілдеге ауыстырдық. Ал күрделі нысандарды 1 тамызға дейін аяқтау жоспарланып отыр, — деп жауап берді Нұрлан Сауранбаев.
Ең басты мәселе — қосымша құрылыс ұйымдарын жұмылдыруға байланысты қаржыландыру.
— Осы бағыт бойынша Нұрлыбек Нәлібаев өңір әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Өйткені нысандарды жаңғырту үшін ҚТЖ-мен келісімшарт жасасуға құрылыс компанияларын дәл өңір әкімдері ұсынған болатын, — деді Н. Сауранбаев.
Айта кетейік, вокзалдарды жаңғыртудағы әкімшілік кедергілерді жоятын штаб құрылды.