Нан арқылы нәсібін тауып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы әсіресе шағын және орта бизнеске айтарлықтай қолдау жасай білді. Шағын өндірістер, қызмет орындары соның арқасында кеңейіп, үлкен кәсіпорындарға айналып жатыр. Соның бірі ретінде Астана қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Хасан Шариповтың кәсібін айтуға әбден болады.
None
None

Хасан аға Астанаға 2000 жылдардың басында қоныс аударған. Ал наубайхана жұмысы - Шариповтардың отбасылық бизнесі. Ол іспен 90 жылдардың ортасынан бері айналысып келеді. Астанада да күніне 2500 нан пісіріп, өткізетін цехы бар. Өткен жылы Нұрбанкке несие алу жайлы өтініш берген болатын. Банк өтінішін қанағаттандырғанымен қоймай, сол несиенің пайыздық мөлшерлемесін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы субсидиялауға мүмкіндік туды. Яғни, 35 млн. теңге несиенің жылдық 12 пайызының 6 пайызын мемлекет өтеп береді.

- Ол қаржыға 48 түрлі нан өнімдерін шығаратын түркиялық құрал-жабдық сатып алдық. Соның арқасында енді 2500 емес, күніне 4-5 мың нан пісіріп, өткере аламыз. Қала тұрғындарының арасында нанға деген сұраныс баршылық, сондықтан, өткеру жағынан қорықпаймыз. Одан өзге, несие қаржысына цехымызға жөндеу жұмысын жүргізіп, үш көлік сатып алдық. Мемлекетке салығымызды уақтылы төлеп, адал еңбектің нәсібін көріп отырмыз. Барлығы мемлекет саясатының нәтижесінде іске асып жатқанын атап өткім келеді, - дейді Хасан Шарипов.

Кәсіпорын қазірдің өзінде 40-тан астам адамға жұмыс тауып беріп отыр. Олардың барлығы баспанамен, үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Жаңа құрал-жабдық іске қосылған соң тағы 25 адамды жұмысқа аламыз дейді кәсіпорын басшысы. Осы кәсіпорында 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан технолог Әлия Шәріпханқызы жалақысына да, басқа жеңілдіктерге де разы екенін айтады. «Жолдасым екеуміз де осында жұмыс істейміз. Жұмысшыға барлық жағдай жасалған. Үй бар, ас-ауқатын беріп отыр. Осындай көмектің арқасында жалақымызды жинап, өз бетімізше пәтер алуға әрекет етіп жатырмыз», - дейді ол.

Хасан ағаның өзі Астана жұртшылығына сыйлы, құрметті кісі. Осындағы 9 мыңнан астам өзбектің басын қосып, айрандай ұйытып отырған Өзбек этномәдени орталығы төрағасының орынбасары. Одан өзге, үнемі жоқ-жітікке қарайласып, қарттар үйіне көмегін беріп тұрады. Жуырда ғана 300 қарияға дастархан ұйымдастырып, арнайы сыйлықтар үлестіріпті.

Соңғы жаңалықтар