Наньнинде Қазақстан мен Қытайдың бірлескен ғылым және технология мектебі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚХР Білім министрлігі Қазақстан мен Қытайдың бірлескен ғылым және технология мектебін ресми түрде тіркеді.

Наньнинде Қазақстан мен Қытайдың бірлескен ғылым және технология мектебі ашылды
Фото: Ербол Жанат/Kazinform

Бұл туралы «Қытай тілі көпірі» байқауының ашылуында ЕҰУ проректоры Думан Айтмағамбетов айтты.

— Алдыңғы күні біз жақсы хабар алдық. Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен Наньнин университетінің бірлескен институты — Наньнин педагогикалық университеті жанындағы Еуразиялық ғылым және технология мектебі ҚХР Білім министрлігі тарапынан ресми түрде аккредитациядан өтіп, Қытайда студенттерді мемлекеттік қабылдау жоспарына енгізілді, — деді ЕҰУ проректоры Думан Айтмағамбетов.

Мәліметке сай, мектеп Қытай аумағында бакалавр дәрежесі бойынша маман даярлайтын болады, жалпы студент саны 300-ге жетеді.

— Бұл — Қазақстан тарихында алғаш рет Қытай аумағында ашылып отырған, Қазақстанның бастамасымен жүзеге асқан филиал. Бүгінде Қазақстан Қытайдың 30-дан астам жетекші университетімен серіктестік байланыс орнатқан. Сондай-ақ қос дипломды бағдарламаларды, атап айтқанда академиялық және бірлескен диплом беруді жүзеге асырып жатыр, — деп атап өтті ол.

Проректордың айтуынша, магистранттарды даярлау бойынша да жақсы жаңалық бар.

— Біз ҚХР Білім министрлігінен екі бағдарлама бойынша аккредитация алдық: экономика және халықаралық бизнес, сондай-ақ Шанхай университетімен бірлесіп жүзеге асырылатын стратегиялық сауда бақылауы. Бұл бағдарламалар Қытай аумағында магистранттар даярлауға бағытталған, — деді проректор.

Айта кетейік, бүгін Астанада қытай тілінен әлемдік байқаудың республикалық кезеңі өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар