Наразылық хат: Абылайхан Жүсіповке Азия чемпионы атағы бір күн кешігіп жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан бокс федерациясы IBA және ASBC ұйымдарына наразылық хат жолдады. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметі мәлім етті.

 Абылайхан Жүсіпов Азия чемпионы атанды
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстан бокс федерациясы 11 желтоқсан күні Чианг Мэйде (Таиланд) өткен Азия чемпионатының ерлер арасында 71 келі салмақ дәрежесіндегі финал бойынша IBA және ASBC ұйымдарына наразылық хат жолдады.

Ресми хабарламада Абылайхан Жүсіпов пен Хавасбек Асадуллаев жекпе жегінде өзбекстандық боксшы тарапынан спорттық ереже өрескел түрде бұзылғаны айтылады. Шаршы алаңдағы төреші Джована Угренович (Сербия) бұл сәтте ешқандай ескерту жасамағаны да сөз етіледі. Ал, Қазақстан тарапында ереже бұзылуына дәлел ретінде фото және видео материалдар да бар.

— Нәтижесінде IBA және ASBC ұйымдары осы салмақтағы ақтық сынды қайта қарастырып, келесі шешімге келді. 71 келіде Абылайхан Жүсіпов Азия чемпионы деп танылды, ал өзбекстандық боксшы белгілі мерзімге жарыстардан шеттетіледі, — делінген хабарламада.

Абылайхан чемпион атанды. Оны тістеп алған өзбек боксшысы спорттан уақытша шеттетілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Айбек Оралбай бокстан Азия чемпионатын алтынмен түйіндегенін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар