Narcostop жобасы: 800-ге жуық есірткі таратқан Telegram-арна мен интернет-дүкен бұғатталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Narcostop» жобасы бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы жарияланды. 

Narcostop жобасы: 800-ге жуық есірткі таратқан Telegram-арна мен интернет-дүкен бұғатталды
Фото: news.sky.com

Жобаның жетекшісі Нұржан Жақыповтың айтуынша, мектептерде, колледж бен жоғары оқу орындарында профилактикалық дәріс оқылып, оған 3 891 оқушы қатысты. Студенттер үшін де синтетикалық есірткілердің интернет-жарнамасының алдын алу бойынша 20 дәріс өтіп, ол 1 950 адамды қамтыды.

Жоба аясында Call-орталық пен сенім телефоны жұмыс істеді. Мамандар бір жыл ішінде 211 өтініш қабылдап, олар бойынша жұмыс атқарды. Одан бөлек құқықтық топ есірткіге тәуелді адамдар мен олардың отбасыларына 468 тегін кеңес берді.

— Жобаның негізгі бағытының бірі — тыйым салынған контентті онлайн бақылау. Жұмыс барысында 797 ресурс анықталып, бұғатталды. Оның ішінде 726 Telegram-арна мен есірткі таратқан 71 интернет-дүкен бар. Автоматтандырылған бақылау жүйесін әзірлеу басталды, — деді Нұржан Жақыпов.

Ол Алматыда есірткі жарнамасы бейнеленген граффитиді жою бойынша 112 акция өткенін атап өтті. Бұл жұмыстарға 783 ерікті қатысқан.

— Еріктілердің ең үлкен жетістігі — 3 000-нан астам наркограффитиді жойды. Сонымен қатар жоба жұмысы БҰҰ Есірткі құралдары жөніндегі комиссиясының 68-сессиясында таныстырылды. Команда АҚШ-та білім алып, тәжірибе алмасып келіп, ел ішінде жасөспірімдерге арналған спорттық іс-шаралар мен бағдарламаларды қолдауды жалғастырды, — деді Нұржан Жақыпов.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда есірткіге мас такси жүргізушісі адам тасығанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар