Нарендра Моди Үндістанда билікте ең ұзақ отырған екінші премьер-министр атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Нарендра Моди Үндістан үкіметінің басшысы қызметінде үздіксіз 4 078 күн жұмыс істеп, Индира Гандидің рекордын жаңартты. Бұл туралы India Today басылымы хабарлады.

2025 жылғы 25 шілдедегі жағдай бойынша Моди премьер-министр қызметінде үздіксіз 4 078 күнін өткізді. Бұған дейін Индира Ганди бұл лауазымда 4 077 күн болған (1966 жылдың қаңтарынан 1977 жылдың наурызына дейін).
Осылайша Нарендра Моди ел тарихында үздіксіз қызмет еткен премьер-министрлер арасында екінші орынға шықты. Бірінші орында – Үндістанның тұңғыш премьер-министрі Джавахарлал Неру.
Моди өзінің саяси мансабын 2001 жылы Гуджарат штатының бас министрі ретінде бастады. Содан бері ол 24 жыл бойы – штаттық деңгейде де, ұлттық деңгейде де сайлау арқылы келген үкіметтерді басқарды. Мұндай көрсеткішке Үндістанда одан басқа ешбір премьер-министр қол жеткізбеген.
Сонымен қатар, Нарендра Моди – Үндістан тәуелсіздігін алған 1947 жылдан кейін дүниеге келген жалғыз премьер-министр.
Ол басқаратын «Бхаратия джаната парти» (Үндістан халық партиясы) үш бірдей жалпыұлттық сайлауда қатарынан жеңіске жетті. Мұндай нәтижеге бұған дейін тек Джавахарлал Неру ғана қол жеткізген.
Өткен жылдың маусым айында Ұлттық демократиялық альянс (НДА) құрамындағы Үндістан халық партиясы жеңіске жеткеннен кейін Нарендра Моди үшінші мерзімге премьер-министр қызметіне ресми түрде кірісті.
Айта кетейік, Үндістанда жалған елшілік ашқан адам қамауға алынды.