Нәресте кіндігінен қан алып, өскенінде емге пайдалану жобасы зерттеліп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Білім, ғылым және тәжірибені қатар алып жүру үшін Ақтөбедегі медицина университеті бірнеше зерттеу жұмысын қолға алған. Коронавирус инфекциясынан кейінгі асқынулар, онкологиялық ауруды ерте анықтау, хромның ағзаға әсері секілді бірқатар бағытта ғылыми жобалар бар. Сонымен бірге әлем көз тігіп отырған жасуша технологиясы, яғни сәбидің кіндігінен қан алып, кейін өскенде дертінен айықтыру үшін қолдану жобасы да зерттеле бастады. Бұл туралы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Әсет Қалиев Kazinform тілшісіне айтып берді.

«Біріншіден, университеттің өзі ғылыми жобаларды қолдайды. Екіншіден, Ғылым және жоғары білім министрлігі грант береді. Былтыр төрт грант ұтып алдық. Бұл жерде негізінен экологиялық мәселелер, оның ішінде хромның ағзаға зияны зерттеліп жатыр. Сонымен бірге коронавирус инфекциясынан кейінгі асқынулар, онкологиялық ауруларды ерте анықтау бағыттары қамтылды. Қазір ғылыммен айналысамын деген жастар үшін 22 студенттік үйірме жұмыс істеп тұр. Студенттердің бір ілімді терең меңгеруі үшін кітапхана жасақталған. Онда 600 мыңның астам кітап қоры бар. Өзім де ғылыммен айналысамын», - дейді Әсет Қалиев.
Атап айтқанда, қазір жасуша технологиясы, яғни әлем қызығып отырған саладағы жобалар қолға алынған.
«Жаңа туған сәбидің кіндігінен қан алып, қатырып, өскенде белгілі бір ауру пайда болса, сол жасушаны егу арқылы бауырды өсіріп, ұйқы безін қалпына келтіруге болады. Зерттеуді Ираннан келген Амин Тамодонмен бірге бастап, жыл соңына дейін белгілі бір нәтижеге жеткіміз келеді», - дейді.
Әсет Қалиев медицинаның тәжірибеге негізделген сала екені ескерілуі қажеттігін айтады, яғни теория мен практика қатар жүруі керек. Осы ретте өзі де аурухана хирургиясынан қол үзбей, ота жасап жүр.
«Студенттер бірінші курстан бастап-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету, емханаға келген науқастарды қабылдап, оларды тіркеу, ине шаншу, тамырға ине салу секілді жұмыстарды меңгереді. Содан кейінгі курстарда жауапкершілік те арта түседі. Мәселен, бізге үш клиника, атап айтар болсақ, стоматология, онкологиялық орталық пен отбасылық емхана бәсекеге қабілетті, білікті маман дайындауда септігін тигізіп отыр. Білім, тәжірибе, ғылым үштігі бірлесіп, сұранысқа ие кадр дайындауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге БҚО, Атырау, Маңғыстаудағы үлкен клиникалардың бәрі біздің оқу-тәжірибе базамыз болып есептеледі. Интерндер қажетті практикадан сол жерде өтеді. Осындағы онкологиялық орталықты ғылыми интеграцияланған академиялық орталыққа айналдырғымыз келеді. Алдағы уақытта Ақылды операция орталығын ашсақ деген ой бар. Сонда студенттер қашықтан отырып, отаның қалай жүріп жатқанын көре алады», - дейді Әсет Қалиев.