Нархоз университетіне Тұрар Рысқұловтың есімі қайта беріле ме

нархоз
Фото: bulatutemuratov.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Нархоз университетіне Тұрар Рысқұловтың есімін қайта беру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл жайында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.

«Нархоз университеті жекеменшік жоғары оқу орны екенін ескере отырып, Т.Рысқұловтың есімін университетке қайта беру мүмкіндігін қарастыру мәселесін Ғылым және жоғарғы білім министрлігі пысықтап жатыр. Министрлік оның қорытындысын депутаттық корпусқа қосымша хабарлайды», — деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Жалпы, Премьер-Министрдің дерегінше, Алаш көсемдері мен кеңес қайраткерлерінің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында елімізде бірқатар ірі қоғамдық-саяси шаралар өткізіледі.

Бекітілген «Тарихи тұлғалар» тізіміне сәйкес кешендер тұрғызу, елді мекендерге, саябақтарға, көшелер мен мектептерге келешек ұрпақ үшін үлгі болатын тұлғалар есімдерінің берілуі жүзеге асырылады.

Бұл ретте Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатұлының, Әлімхан Ермековтің, Тұрар Рысқұловтың, Сұлтанбек Қожановтың, Сейітқали Меңдешевтің, Санжар Асфендияровтың, Темірбек Жүргеновтің, Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің есімдері елді мекендерге, мәдениет объектілеріне, жоғары оқу орындарына, мектептерге және өзге де нысандарға берілген.

Олжас Бектеновтің жауабына қосымша берілген анықтамаға сәйкес, Ә.Бөкейханның есімімен 1 елді мекен, 69 құрамдас бөлік, 22 объекті, А.Байтұрсынұлының есімімен 3 елді мекен, 150 құрамдас бөлік, 46 объекті, М.Дулатұлының есімімен 1 елді мекен, 50 құрамдас бөлік, 11 объект, Ә.Ермековтың есімімен 16 құрамдас бөлік, 6 объекті, Т.Рысқұловтың есімімен 5 елді мекен, 193 құрамдас бөлік, 27 объекті, С.Қожановтың есімімен 26 құрамдас бөлік, 6 объекті, С. Меңдешевтің есімімен 14 құрамдас бөлік, С. Асфендияровтың есімімен 22 құрамдас бөлік, 3 объекті, Т.Жүргеновтің есімімен 3 елді мекен, 21 құрамдас бөлік және 6 объекті, С. Сейфуллиннің есімімен 3 елді мекен, 358 құрамдас бөлік және 42 объекті, І.Жансүгіровтың есімімен 5 елді мекен, 89 құрамдас бөлік және 9 объекті, Б.Майлиннің есімімен 4 елді мекен, 110 құрамдас бөлік және 12 объекті аталған.

Соңғы жаңалықтар