Нариман Кұрбанов спорттық гимнастикадан әлем кубогына қатысады

Нариман Кұрбанов спорттық гимнастикадан әлем кубогына қатысады
Фото: olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Қатар астанасы Дохада 17-20 сәуір аралығында спорттық гимнастикадан әлем кубогының кезеңі өтеді.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бәсеке қорытындысы бойынша Олимпиадаға лицензия алған гимнастшылар анықталады. Ұлттық құрама сапынан Нариман Кұрбанов ат снарядында ойындар жолдамасын алуға жақын тұр. Еліміздің ерлер құрамасының бас бапкері Александр Ким оның мүмкіндігі жайында айтып өтті.

«Дохадағы шешуші кезеңде Нариманға үздік үштікке кіру қажет. Нәтижесінде одан кейін келе жатқан әріптестері қуып жете алмайды. Қазір 3 кезеңнен кейін оның еншісінде 66 ұпай бар. Қазір рейтингіде 2-орында тұрмыз. Сол себепті Нариман кем дегенде үздік үштіктен түспеуі керек», - деді Александр Ким.

Айта кетейік, әзірге Қазақстан еншісінде спорттық гимнастикадан Олимпиаданың бір жолдамасы бар. Былтыр Антверпендегі әлем чемпионатында Милад Карими қола медальмен бірге көпсайыста жолдамаға қол жеткізді.

Қатар астанасындағы әлем кубогына ерлерден Милад Карими, Дмитрий Патанин, Диас Тойшыбек, Нариман Кұрбанов бақ сынаса, әйелдерден Аида Бауыржанова, Дарья Ясинскаяға сенім артамыз.

Соңғы жаңалықтар