NASA Айға қонуды 2028 жылға шегерді

АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық NASA ғарыш агенттігі Артемида ай бағдарламасының кестесін өзгертті. Ғарышкерлердің Ай бетіне алғашқы қонуы 2028 жылға дейін шегерілді, деп хабарлайды NASA

NASA, space, space exploration, spacecraft, Moon, Earth
Cover credit: Canva / Qazinform

Осы уақытқа дейін агенттік сынақ ұшуларына және негізгі технологияларды әзірлеуге назар аударады.

Бұл туралы Кеннеди ғарыш орталығында өткен баспасөз мәслихатында жарияланды. Онда Артемида II-нің жақын арада ұшырылуына дайындық туралы айтылды. 25 ақпанда Orion ғарыш кемесі бар SLS аса ауыр зымыраны жоғарғы сатыдағы гелий беру жүйесіндегі ақауларды жою үшін құрастыру ғимаратына оралды. Жөндеуден кейін зымыран 39В ұшыру алаңына қайтарылады. Сәуір айында 4 астронавтпен Айға ұшу жоспарланған.

Жаңартылған жоспарға сәйкес, бастапқыда 2027 жылы Айға қонуға жоспарланған «Артемида III» миссиясы енді Жер маңындағы орбитада жүзеге асырылады. Экипаж SpaceX және Blue Origin компанияларының коммерциялық ай қондыру модульдерімен түйісу жүргізеді. Сонымен қатар тіршілікті қамтамасыз ету, байланыс және қозғалтқыш жүйелері тексеріліп, ашық ғарышта жұмыс істеуге арналған жаңа скафандрлар сынақтан өтеді. Айға қону енді 2028 жылы жоспарланған «Артемида IV» миссиясына ауыстырылды.

Агенттік басшылығы аралық модификациялардан бас тартып, барлық ұшулар үшін 1-блок нұсқасында SLS зымыранының және Orion ғарыш аппаратының негізгі конфигурациясын сақтап қалу туралы шешім қабылдады.

— Біз бұрын ұшқан жолмен ұшуымыз керек. Бүкіл ұшу тізбегі мүмкіндіктерді кезең-кезеңімен жинақтауы керек, әрбір қадам бізді қажетсіз тәуекел жасамай қонуға жақындатады, — деп түсіндіреді NASA әкімшісінің орынбасары Амит Кшатрия.

Агенттік әкімшісі Джаред Айзекман ғарышта халықаралық бәсекелестіктің күшеюіне байланысты шешімдер қабылданып жатқанын атап өтті.

— Біздің басты геосаяси қарсыласымыздан бәсекелестік күн сайын артып келеді. Біз жылдамырақ жүріп, кідірістерді жойып, мақсатымызға жетуіміз керек, — деді Джаред Айзекман.

Сонымен бірге, NASA өзінің инженерлік құзыреттерін күшейтіп, өз учаскелерінде мердігерлермен бірлескен жұмыс форматын кеңейтуді көздеп отыр.

Бұған дейін NASA Artemis 2 ай миссиясын кейінге шегергенін мәлімдеді.

Айта кетейік, NASA миссияның кейінге қалдырылуына себепкер болған ғарышкердің есімін жариялады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум