NASA Айға ұшатын миссияға кері санақты бастады

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы — NASA — «Артемида-2» Ай миссиясының ұшырылымына 50 сағаттық кері санақты бастады. Ұшырылым 1 сәуір күні АҚШ-тың шығыс жағалауы уақытымен 18:24-ке (2 сәуір, Орталық Еуропа уақытымен 00:24) жоспарланған, деп хабарлайды Deutsche Welle.

NASA начало обратный отсчет до миссии на Луну
Фото: DW

«Орион» ғарыш кемесінің бортында төрт астронавт болады: Рид Уайзман, Джереми Хансен, Кристина Кох және Виктор Гловер. Виктор Гловер Ай миссиясына қатысатын алғашқы афроамерикалық болса, Кристина Кох — осындай миссияға қатысқан алғашқы әйел астронавт атанады.

Space Launch System (SLS) зымыран-тасығышы «Орионмен» бірге Флоридадағы Кеннеди атындағы ғарыш орталығының 39А ұшыру алаңына 20 наурызда орнатылған. Бастапқыда ұшырылым 2026 жылдың наурызына жоспарланған, алайда зымыранға гелий беру жүйесіндегі техникалық ақауларға байланысты кейінге шегерілген.

«Артемида-2» миссиясы америкалық Ай бағдарламасының екінші кезеңі болмақ. 10 күн ішінде экипаж Айды айналып ұшып, Жерге қайта оралады. Бағдарламаның алғашқы кезеңі — «Артемида-1» — 2022 жылдың желтоқсанында аяқталды: «Орион» Айға ұшқышсыз сапар жасап, Жерге аман қайтқан. Үшінші кезең — «Артемида-3» — 50 жылдан астам уақыттан кейін адамдарды Айға қайта қондыруды көздейді.

2019 жылы жарияланған «Артемида» бағдарламасы Айға тұрақты миссияларды жолға қоюды және болашақта Марсқа ұшулар үшін аралық база құруды мақсат етеді.

Бұған дейін NASA Айға қону мерзімін 2028 жылға шегергені хабарланған. Кейін агенттік Айда база салу және ядролық ғарыш кемесін ұшыру жоспарын жариялаған еді.

Осыған дейін түрік дәрігерінің NASA астронавтарының денсаулығын тексеретіні туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар