NASA Айға жіберілетін ғарышкерлер құрамын жасақтайды

АСТАНА. KAZINFORM — NASA ғарышкерлер қатарына қабылдау жариялап, АҚШ азаматтарын 3 желтоқсанға дейін өтінім беруге шақырды. Іріктеуден өткендер Айда өмір сүріп, жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі CBS News-ке сілтеме жасап. 

Космическая обсерватория NASA Swift совершила неконтролируемое падение на Землю
Фото: Anadolu

Үміткерлер жоғары біліммен қатар, тиісті кәсіби тәжірибеге ие болуға тиіс. Іріктеуден өткендер Хьюстон қаласына көшіп, Линдон Джонсон атындағы ғарыш орталығында қызмет етеді. Жылдық еңбекақысы – 164 395 доллар.

– Біз таңдаған мамандар Ай бетінде еркін жүріп, Ай базасында тұрып, жұмыс істейді. Бұған қоса болашақта экипажды Марсқа жіберуге мүмкіндік беретін жүйелер мен операцияларды әзірлеуге атсалысады, – деді NASA әкімшісі Джаред Айзекман.

Үміткерлер төмендегі төрт білім беру бағытының біріне сәйкес келуге тиіс:
1. Инженерия, биология, физика, информатика немесе математика салаларының бірі бойынша магистр дәрежесі.
2. Осы мамандықтардың бірі бойынша докторантурада кемінде екі жыл оқу.
3. Медицина саласындағы тиісті біліктілік: медицина докторы, дәрігер көмекшісі немесе тәжірибелі медбике дипломы.
4. 2027 жылғы шілдеге дейін сынақшы ұшқыштар мектебін аяқтау.

Бұған қоса NASA үміткерлердің оқуын аяқтағаннан кейін белгілі бір кәсіби тәжірибесі болуын талап етеді.

Ұшқыштар төмендегі үш талаптың біріне сай болуға тиіс:

  • жоғары өнімді реактивті ұшақты басқарған ұшқыш ретінде кемінде 750 сағат ұшу;
  • басқа ұшақтармен 1 500 сағат ұшу, оның ішінде 750 сағаты әуе кемесінің командирі ретінде болуы;
  • тікұшақ және басқа да роторлы әуе кемелерімен 1 000 сағат ұшу, оның 300 сағаты әуе кемесінің командирі ретінде өтуі керек. Бастапқы ұшу даярлығы мен дронмен ұшу уақыты есепке алынбайды.

Ұшу сынақтары: үміткерлер 2027 жылғы шілдеге дейін сынақшы ұшқыштар мектебін бітіруі немесе оған оқуға түсуі және осы бағытта кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесі болуы керек.

Медицина: медициналық білім алғаннан кейін мамандығы бойынша кемінде үш жыл еңбек өтілі болуға тиіс. NASA мәліметінше, резидентурада оқу мерзімі де еңбек өтіліне есептеледі.

Жаратылыстану ғылымдары: биология және медицина саласының мамандары өз бағыты бойынша кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесіне ие болуы керек.

Физика және математика: мамандығы бойынша кемінде үш жыл еңбек өтілі болуға тиіс.

Инженерия: мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесі талап етіледі.

Қосымша талап: адам өмірі мен миссия қауіпсіздігіне қатер төнетін күрделі жағдайда жедел шешім қабылдап, командамен жұмыс істеу бойынша кемінде үш жыл тәжірибесі болуға тиіс.

Сондай-ақ үміткерлер медициналық және психиатриялық тексеруден өтіп, көру қабілетін тексертуі, өмірбаяндық деректерін растауы және есірткіге тест тапсыруы керек.

Болашақ астронавтар ауыр дене жаттығуларын орындауға, соның ішінде ауыр зат көтеруге, отырып-тұруға, еңбектеуге және қолайсыз ауа райына төтеп беруге дайын болуы қажет. Бұдан бөлек олар өміріне қауіп төнетін жағдайда жұмыс істеуге, шалғай әрі оқшау жерде, тар немесе жабық кеңістікте ұзақ уақыт тұрып, еңбек етуге әзір болуға тиіс. Бұған қоса үміткерлер жүзу сынағынан өтеді.

Сонымен қатар үміткерлер ғарышта 12 ай немесе одан да ұзақ уақыт болуға, толық оқшаулануға, тұрмыстың ауыр жағдайына және жақындарынан ұзақ уақыт қол үзуге дайын болуы керек.

Бұған дейін NASA-ның 4 ғарышкері «Марстағы базада» 1 жыл тұрғаны хабарланған болатын.