NASA-ның 4 ғарышкері «Марстағы базада» 1 жыл тұрды

АСТАНА. KAZINFORM — Төрт NASA ғарышкері Хьюстонда Марстағы жағдайларға барынша жақындатылған, 3D принтерде басып шығарылған эксперименттік модульде 378 күн тұрды. Экипаж миссиясын сәтті аяқтады. Бұл туралы Independent басылымы жазды. 

NASA-ның 4 ғарышкері «Марстағы базада» 1 жыл тұрды
Фото: NASA

Экипаж 2025 жылдың 19 қазанынан бері Линдон Джонсон атындағы ғарыш орталығындағы 158 шаршы метрлік құрылымда тұрып келді. Миссия командирі Росс Элдер, зерттеуші ғалым Мэттью Монтгомери, бортинженер Джеймс Спайсер және миссия дәрігері Эллен Эллис CHAPEA (Crew Health and Performance Exploration Analog) ғылыми экспериментіне қатысты.

Қатысушылар Марс топырағына ұқсас жағдайда өсімдіктер өсірді, ресурсы шектеулі жағдайларда тапсырмаларды орындады және планетааралық миссияларға тән байланыс кідірісімен NASA басқару орталығымен байланыста болды.

Миссияны аяқтағаннан кейін Эллис бұл экспериментті бір жылға созылған өте қиын тәжірибе деп атады. Экипаж командирі Росс Элдер Марсқа адам басқаратын миссияның жоғары тәуекелдеріне қарамастан, ғылыми зерттеулердің, технологиялық дамудың және тынымсыз еңбектің арқасында бұл мақсатқа қол жеткізуге болатынын атап өтті.

«Жерге оралғаннан» кейін ғарышкерлер екі апталық медициналық және ғылыми бағалауға қатысады. NASA мамандары ұзақ уақыт бойы оқшаулану мен автономды жұмыс істеудің адамдардың физикалық және психологиялық жағдайына, олардың еңбек өнімділігіне және Жермен байланысты сақтау қабілетіне қалай әсер ететінін зерттейді.

NASA 2030 жылдары Марсқа адам жіберуді жоспарлап отыр. Оған дейін агенттік Айға ғарышкер басқаратын ғарыш кемелерін жіберу бағдарламасын қайта қолға алмақ. Аталған бағдарлама 1972 жылдан бері жүргізілмеген.

Аяқталған эксперимент CHAPEA бағдарламасының екінші миссиясы болды. Бұған дейінгі бірінші бағдарлама кезінде де төрт адамнан тұратын экипаж 2023-2024 жылдары 378 күн «Марс модулінде» оқшауланған.

Бұған дейін NASA Марста судың бірнеше рет болғанын дәлелдейтін белгілер табылғанын мәлімдеген болатын.

NASA 30 миллиард долларға Айға база салмақ