NASA қараңғы материя мен экзоғаламшарларды зерттейтін жаңа телескопты ұшырады

АСТАНА. KAZINFORM — NASA ғалымдарға қараңғы материя мен энергияны зерттеуге, экзопланеталарды бақылауға және ғалам ауқымындағы гравитация теорияларын тексеруге мүмкіндік беретін жаңа Nancy Grace Roman ғарыш телескопын ұшыруға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Kazinform BBC-ге сілтеме жасап.

NASA қараңғы материя мен экзопланеталарды зерттейтін жаңа телескоп ұшырады
Фото: NASA

Телескопты 30 тамызда Флоридадағы Кеннеди атындағы ғарыш орталығынан ұшыру жоспарланған. Оны ғарышқа SpaceX компаниясының Falcon Heavy зымыраны шығарады. Миссия бастапқы жоспардан шамамен тоғыз ай бұрын жүзеге асырылмақ.

Телескоп NASA-ның алғашқы бас астрономы Нэнси Грейс Романның құрметіне аталған. Ол ғарыштық телескоп бағдарламасын құрудағы рөлі үшін «Хабблдың анасы» атанған. «Роман» NASA-ның негізгі астрофизикалық обсерваторияларының біріне айналады.

Ұшырылғаннан кейін телескоп Жерден шамамен 1,5 млн шақырым қашықтағы L2 Лагранж нүктесіне бағыт алады. Қазір онда «Джеймс Уэбб» ғарыш телескопы жұмыс істеп тұр.

«Романның» басты артықшылығы — аспанның әлдеқайда кең аумағын бақылай алуы. Оның айнасының диаметрі «Хабблдағыдай» 2,4 метр болады. Алайда жаңа телескоптың көру аймағы шамамен 100 есе кең. Бұл оған ғарыштың орасан зор аумақтарын жылдам зерттеп, миллиардтаған галактика туралы мәлімет жинауға мүмкіндік береді.

Ғалымдар «Романның» көмегімен ғаламның жедел қарқынмен кеңеюіне байланысты жұмбақ құбылыс — қараңғы энергияның табиғатын, сондай-ақ көрінетін материяға негізінен гравитациялық әсері арқылы байқалатын қараңғы материяны жақсырақ түсінуге үмітті.

Телескоп планеталық жүйелерге ауқымды зерттеу жүргізіп, мыңдаған жаңа экзоғаламшарды анықтайды деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар оның бақылаулары галактикалардың қалыптасуы мен эволюциясын зерттеуге және қазіргі теориялардың космологиялық қашықтықтардағы гравитацияны қаншалықты дәл сипаттайтынын тексеруге мүмкіндік береді.

«Романның» негізгі ғылыми миссиясы бес жылға есептелген. Телескоп «Хаббл» мен «Джеймс Уэббтен» кейін NASA-ның ғаламды бақылау мүмкіндіктерін кеңейтетін келесі ірі ғарыштық ғылыми құралы болады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан NASA-мен бірлескен ғарыш жобаларын жүзеге асыруға ниетті екенін жазғанбыз.