NASA моделі Жердің неліктен «картопқа» ұқсайтынын көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM – NASA Жердегі тартылыс күші әр аймақта әртүрлі болатынын көрсететін жаңа визуализация ұсынды. Онда гравитациялық айырмашылықтар әдейі 10 мың есе үлкейтіліп, соның нәтижесінде Жердің пішіні бұдыр-бұдыр «картопқа» ұқсап көрінеді, деп хабарлайды Euronews.
Жердегі тартылыс күші барлық жерде бірдей емес. Егер дүниежүзілік мұхитта тасу мен қайту, толқын, жел және ағыс болмаса, ал оның бетіне тек гравитация мен Жердің айналуы әсер етсе, мұхит беті мінсіз тегіс болмас еді. Онда аздаған дөңестер мен ойыстар пайда болар еді.
NASA визуализациясында осы айырмашылықтар 10 мың есе үлкейтіліп көрсетілген. Соның салдарынан Жер тегіс шардан гөрі бұдыр-бұдыр картопқа ұқсайды.
Lumpy potato or just math? 🥔
— NASA Earth (@NASAEarth) August 11, 2026
The geoid is a mathematical model of Earth’s gravitational field, not what Earth actually looks like. Gravity is stronger where there’s more mass, so when those differences are scaled up by a factor of 10,000, the geoid gets lumpy. pic.twitter.com/6Z76seIkrE
Геоид – Жердің гравитациялық өрісінің математикалық моделі. Ол құрлықтардың астын да қамтитын бүкіл планета бойынша шартты теңіз деңгейін сипаттайды. Яғни бұл Жердің физикалық бетінің нақты пішіні емес.
Планетаның ішіндегі және бетіндегі масса біркелкі таралмағандықтан, гравитациялық өріс те әркелкі. Таулар, мұхит шұңғымалары және Жер қойнауындағы заттардың тығыздығы тартылыс күшіне әсер етеді. Массасы көбірек аймақтар суды күштірек тартып, геоидта шартты «дөңестер» қалыптастырады. Ал басқа аймақтарда теориялық теңіз деңгейі төмендеп, «ойыстар» пайда болады.
Геоидтың ең төмен нүктесі Үндістанның оңтүстігінде
NASA мәліметінше, шын мәнінде геоидтың ең биік және ең төмен нүктелерінің арасындағы айырмашылық 191 метр.
Исландия маңында геоид шартты бастапқы деңгейден 85 метр жоғары көтерілсе, Үндістанның оңтүстігінде 106 метр төмен түседі.
Визуализация 15 жыл ішінде 19 спутник жинаған миллиардтан астам бақылау дерегіне негізделген. Олардың арасында NASA-ның Gravity Recovery and Climate Experiment миссиясы мен Еуропаның Gravity Field and Steady-State Ocean Circulation Explorer спутнигі бар.
Ғалымдар геоид арқылы Жердің гравитациялық өрісін және су, мұз бен басқа да массалардың қозғалысына байланысты оның қалай өзгеретінін зерттейді. NASA мәліметінше, бұл деректер картография, геодезия және навигация үшін де маңызды.
Айта кетейік, бұған дейін Айға ұшып бара жатқан NASA астронавтары Жердің таңғажайып суретін түсіріп алған еді.
Сондай-ақ NASA «Artemis II» миссиясының Айға қатысты 12 мың фотосын жариялады.
Ал астрономдар «тым үлпілдек» ғаламшарларды анықтады.