13:43, 15 Қыркүйек 2023 | GMT +5
NASA жатпланеталықтарды зерттейтін арнайы директор тағайындады
NASA басшылығында белгісіз ұшатын нысандарды зерттейтін жаңа арнайы директор лауазымы енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Басылымның хабарлауынша, NASA-дағы жаңа лауазымды бұған дейін белгісіз ұшатын нысандар, беймәлім аномалды құбылыстардың видеолары мен басқа да деректерді зерттейтін тәуелсіз сарапшылардан тұратын комиссияға көмектесіп келген адам атқарады.
NASA бейсенбі күні осы тәуелсіз сарапшылар жұмысының қорытынды есебін жариялады. Бір жыл ішінде тәуелсіз сарапшылар видеоға түсірілген беймәлім құбылыстарды мұқият зерттеп, олардың өзге ғаламшардан екенін дәлелдейтін нақты деректер таппаған. Алайда мамандар бұл нысандар өзге ғаламшардан емес деген біржақты қорытынды шығаруға да асықпайды.
«Ол нақты не екенін біз әлі білмейміз. Кейбір белгісіз ұшатын нысандар мұқият зерттеген кезде әуе шары болып шықты. Басқалары - атмосфералық құбылыстар. Бізге жұмбақ күйінде қалатын құбылыстар да бар», - деді NASA әкімшісі Билл Нельсон.
Билл Нельсон бөгде ғаламшарларда тіршілік, тіпті өркениет бар екеніне өз басы еш күмән келтірмейтінін де мәлім етті.