NASA Жерді қоршаған «сутегі тәжін» тіркеді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы (NASA) Жерді қоршап тұрған, көзге көрінбейтін сутегі газынан тұратын жарқыраған тәжді тіркегенін хабарлады, деп жазды Анадолы агенттігі.

NASA Жерді қоршаған «сутегі тәжін» тіркеді
Фото: Анадолы

NASA мәліметінше, 17 қарашада Carruthers Geocorona Observatory обсерваториясы Жер мен Айдың ультракүлгін сәуледегі суреттерін жариялаған. Жаңа түсірілімдерде планетамызды айнала қоршаған сутегіден құралған жарық тәж анық байқалады.

Ведомствоның түсіндіруінше, геокорона (латын тіліндегі «Жер тәжі» деген мағынаны білдіреді) — атмосфераның ең сыртқы қабатындағы сутегі атомдарынан түзілетін қабық. Ол ғарыш кеңістігіне өте алыс қашықтыққа дейін созылады.

Сонымен қатар бұл жарқыраған газды уақыт өте келе тұрақты түрде бақылау жоспарланып отыр. Бұл ғалымдарға геокоронаның өзгерісін динамикада зерттеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Carruthers Geocorona Observatory Жерден шамамен 1,6 миллион шақырым қашықтықтағы арнайы орбитаға бағыт алып бара жатыр. Күтілгендей, обсерватория наурыз айында негізгі ғылыми миссиясын бастайды. Жетілдірілген түсіру әдістерінің арқасында ол ғарыштық зерттеулер саласындағы жаңа ғылыми жаңалықтарға жол ашады.

Айта кетейік, NASA Айда адам басқаратын миссияны іске қоспақ.

Соңғы жаңалықтар