Нашақорлар көбінде АИТВ, инсульт пен суицидтен көз жұмады
Екі ай бойы прокурорлар барлық өңірдегі мектеп оқушыларымен және студенттермен кездесіп, синтетикалық нашақорлықтың алдын алу мәселесін талқылады, деп хабарлайды Kazinform.

Іс-шара Бас прокуратураның есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жобасын жүзеге асыру аясында өткізілді.
Науқан жалпы аудиториясы 220 мыңнан астам тыңдаушыны құрайтын 2,5 мыңға жуық орта, орта арнаулы және жоғары білім беру ұйымдарын қамтыды.
Жастарға нашақорлыққа тәуелділіктің салдары, есірткіні заңсыз таратуға тартылу қаупі және мұндай әрекеттің жазасы туралы ақпарат берілді.
Пәрменді әсерге қол жеткізу үшін нашақорлықтың құрбаны болған жасөспірімнің отбасындағы қайғылы оқиға туралы бейнеролик көрсетілді.
Талқылауға оқушылар белсене қатысты.
Оларды «салымшылардың» жауапкершілігі, құқық қорғау органдарының есірткі сатушыларға қатысты қабылдаған шаралары, нашақорлықтың генетикаға әсері туралы мәселелер қызықтырды.
Ресми дерек бойынша Қазақстанда 18 мыңнан астам нашақор тіркелген.
Дегенмен нақты көрсеткіш әлдеқайда жоғары және 150 мың адамға жетуі мүмкін.
Әлемдік статистикаға сүйенсек 10 нашақордың біреуі ғана оңалтудан сәтті өтеді.
Нашақорлар өлімінің ең көп тараған себептері — АИТВ, ішкі ағзалардың ыдырауы, инсульт, жүрек тоқтауы және суицид.
Есірткі саудасы — өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі ең ауыр жаза көзделген қылмыс түрлерінің бірі.
Бүгінде есірткі қылмысы үшін 4 мыңнан астам адам түрмеде жазасын өтеп жатыр, оның көпшілігі — жастар.